Сайысты облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма ұйымдастырған
Жамбыл облысының әкімдігі карантинге қарамастан арулар арасында байқау өткізген. Ақылы мен көркі жарасқан қыздарды таңдауға арналған сайысты облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма ұйымдастырған.
«Әулиеата аруы-2020» арулар сайысының өткізілуі тараздық тұрғындардың наразылығын тудырды. Ашулы тұрғындар «әкімдік халыққа пайдасыз байқауларды өткізгенше, жастардың проблемасын шешумен айналысуы тиіс» дейді.
«Мемлекеттік саясат және ондағы біздің жастар саясаты осындай бір реттік байқау, жарыс өткізуден аса алмай отыр. Бұл жағдай ұзақ жылдан бері жалғасып келеді. Жастар жұмыссыз, сондықтан Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына кетеді. Себебі, олардың мәселесін шешумен ешкім айналыспайды, олар мұнда арманы орындалмайтынын біледі. Әкімдік қаражатты құртатын мұндай «показуха», «одноразовый» дүниелермен айналысқанды қоюы керек. Президент мұндай қажетсіз шараларды доғаруды тапсырған. Мемлекет басшысының тапсырмасын неге орындалмай жатыр? Әулиеата аруынан басқа, жастар арасында өткізетін сайыс қалмады ма? Қанша шығын кетті? Мұндай бос істер кімнің қаражатына болса да жасалмауы, өткізілмеуі тиіс. Пандемия әкімдікке сабақ болмаған екен...», - деді «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ президенті Исламбек Дастан.
Байқауға қатысушылар да шараның әділ өтпегенін айтып, көзбояушылық үшін жасалған сайыстың бірі деп баға берді. 28 жастағы Нұршаш Ермаханова бұл байқауға еріксіз қатысқанын, өзі сияқты ересектер емес, мектеп оқушыларымен жарысқа түскеніне өкінетінін білдірді. Қарсы пікір білдірушілердің айуынша, тіпті аудандық іріктеу те жүргізілмеген.
«Қатыспаймыз десең, әкімдеріңізге шығамыз дейді. Барсаң, сен тізімде жоқсың, қатыспайсың дейді. Ұйымдастыру шаралары мүлдем көңілден шықпады. Байқау ережеге сай өтпеді. Мен қатыстым. Мен мекемеде жұмыс жасаймын, ереже бойынша 18-29 жас аралығындағы қыздар қатысуы керек екен. Мен 16 жастағы оқушы қыздармен сайысқа түстім. Және қазақы нақышта өтеді делінген еді, алайда қатысушылар ол ережеге мүлдем мән бермеді, оған қазылар алқасы да көз жұма қарады... Байқаудың соңында ойламаған жерден Байзақ ауданының 11-сынып оқушысы бас жүлде алды. Көрерменді алдай алмайсың ғой, бәрі аң-таң болды. Мен өзім сұмдық дайындықпен бармадым. Бірақ байқаудың шарты бойынша дайындалып, ережеге сай өнер көрсеттім деп айта аламын», - дейді Нұршаш Ермаханова.
Әкімдіктегілердің айтуынша, жыл басынан бері Тараз қаласы мен аудандарда байқауға іріктеулер өткізілген. Онда топ жарған 11 қыз ақтық сайысқа жолдама алған. Әкімдік ұйымдастырған шараға кәсіпкерлер демеушілік еткен.
«Байқаудың мақсаты - ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңын, «Қазақстан 2020: болашаққа жол» ҚР мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларындағы тарихи сананы жаңғырту, өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық құндылықтарымызды жастар арасында кеңінен насихаттай отырып, облыс аумағындағы жастарға ұлттық тәрбие беру, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, өнегелі қасиеттерін бойына сіңірген парасатты қыз балаларды тәрбиелеу.
Байқау карантин талаптарын сақтай отырып өткізілді. Көрермендер шақырылмады, тек қатысушылардың ата-аналары, жетекшілері мен қазылар алқасы, БАҚ өкілдері қатыстырылды. Шараны ұйымдастыруға жалпы 500 мың теңге қарастырылған, оған демеушілер көмектесті», - деді деді Жамбыл облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.
Соңы дауға ұласқан «Әулиеата аруы-2020» байқауының бас жүлдесі 16 жастағы оқушы Мадина Сағындықоваға бұйырған. Таразда тәж киген мектеп оқушысына 150 мың теңге мен диплом табыс етіліпті.
Әмірболат Құсайынұлы, Жамбыл облысы