Медеу және Бостандық ауданының кәсіпкерлері карантин режимін жиі бұзған
Карантин жарияланғалы Алматы тұрғындарына 235 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, заңды тұлғаларға қарағанда жекелеген адамдарға салынған айыппұл көлемі әлдеқайда жоғары. Ал қаладағы 8 ауданның ішінде Медеу және Бостандық ауданының кәсіпкерлері карантин режимін жиі бұзады екен. Наурыз айынан бері қаладағы жағдайды бақылап келе жатқан мониторинг топ 8403 нысанды тексеріп, 3837 хаттама толтырған.
137,5 млн теңге үй карантинін бұзған той иелеріне, маска кимеген немесе масканы дұрыс қолданбаған адамдарға айыппұл ретінде салынған. Ал 97,5 млн теңге карантин режимін бұзған заңды тұлағаларға салынған. Айыппұлдардың барлығы Алматы қаласының бюджетіне түседі.
«111 жеке кәсіп иелеріне, 47 заңды тұлғаға, 1030 жеке тұлғаға және лауазымды қызметтегі 2 адамға айыппұл салынған. Сотқа 19 адамның ісі жіберілген. Мониторингтік бақылау топтары 21-27 қыркүйек аралығында карантин режимін бұзған 2 нысан және 19 жеке тұлғаны анықтап, жалпы сомасы 1 миллион 430 мың 670 теңгенің айыппұлын салды. Кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі заңбұзушылықтары дезинфекциялаушы заттардың болмауы, жұмыс режимін, маска режимін бұзу және т.б. Бостандық ауданы мониторингтік тобының жұмысы барысында «Чайхана» кафесінде заңбұзушылық анықталды. Түнгі 23: 00-ден кейін жұмыс істеген кафенің иесіне хаттама жасалып, 319 470 теңге айыппұл салынды», - деді Алматы қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттің баспасөз қызметі.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы