Елордада 30-дан астам мектеп карантин талаптарын сақтамаған
Бір мектептің директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Нұр-Сұлтанда оқу жылының басынан бастап 31 мектепте карантин шаралары бұзылған. Бұл туралы әкімдіктің онлайн-брифингі барысында қаланың Бас санитар дәрігері Жанна Пралиева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Спикер хабарлағандай, Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті білім беру объектілерінде карантиндік шаралардың сақталуына мониторинг жүргізуде. Қалада барлығы 91 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 78 мемлекеттік, 12 жекеменшік және бір мамандандырылған мектеп бар.
«Мониторинг барысында 31 мектепте заңбұзушылықтар анықталды, бұл 34 пайызды құрайды. Мектеп директоры мен оқытушылар құрамы, сондай-ақ оқушылардың ата-аналары бетперде кию ережесін сақтамаған. Мектептің бірінде директор әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, қалада коронавирустық инфекцияны жаппай тіркеудің салдарынан 2020 жылдың бесінші шілдесінен бастап карантиндік қатаң шектеу шаралары енгізілді. 17 тамызда коронавирустық инфекция жағдайларының төмендеуіне байланысты шектеу және карантин шараларын кезең - кезеңімен жеңілдету басталды», - деді Жанна Пралиева.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Пірәлиева Нұр-Сұлтанда тәулігіне 20-дан астам жаңа коронавирустық инфекция тіркелгенін хабарлаған.