Қазақстанда 39 бала Кавасаки синдромына шалдықты
Олардың 60 пайызы дертінен айықты
Қазақстанда 39 бала Кавасаки синдромына шалдыққан. Бұл туралы Coronavirus2020.kz сайты хабарлады.
Балалардың 60 пайызы жазылды. Бұл туралы «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрайымы Риза Боранбаева айтты.
«Республика бойынша наурыз айынан бастап барлығы 2,5 мың бала COVID-19-бен ауырып шықты. Бүгінгі таңда балалар арасындағы коронавирус ауруы бойынша жағдай тұрақты. Бұл инфекциядан кейін балаларда пайда болатын мультисистемалық қабыну немесе Кавасаки синдромы бойынша жағдай да тұрақты. Осы синдроммен ауырған 39 бала тіркелді, олардың 60 пайызы сауығып, аман-есен жазылып шықты. Ал 40 пайызы ем қабылдап жатыр», - деді Риза Боранбаева
Кавасаки синдромы анықталған әр балада COVID-19 ауруының да белгілері болады. Клиникалық көріністері: температураның 38 градустан жоғарылауы, 24 сағат немесе одан да көп уақытқа созылуы, парацетамол, ибупрофен сияқты антипиретиктерге нашар төмендеуі. Сондай-ақ, бірқатар клиникалық белгілер пайда болады, мысалы: дененің бөртпесі, іштің ауыруы, диарея, тыныс алу жүйесінің зақымдануы, жөтел, тыныс алу жеткіліксіздігі, тыныс алу, жүрек ауруы, конъюнктивит, алақан мен аяқтың ісінуі.
Ауруды үйде емдеудің қажеті жоқ, өйткені бұл қиын, кейде, тіпті, қарқынды реанимациялық көмекті қажет етуі мүмкін ауру. Сондықтан егер мұндай белгілер байқалса, учаскелік дәрігерді шақыру керек.
Шынайы Кавасаки ауруынан айырмашылығы, бұл синдромда барлық жастағы балалар, соның ішінде жасөспірімдер, 21 жасқа дейінгі жастар зардап шегеді.
Бұл аурудың алдын алу бойынша кеңестер:
- эпидемияға қарсы барлық шараларды сақтау;
- адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде кию;
- көп адам болуы мүмкін ойын алаңдарына, сауда орталықтарына бармау;
- балаларды қолдарын дұрыс жууға, бетіне тигізбеуге үйрету;
- үйде ойыншықтарды өңдеу;
- жедел вирустық инфекцияның белгілері бар адамдармен байланысқа түспеу;
- дұрыс тамақтану және жеткілікті физикалық белсенділік.