$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.09.2020, 17:11
Қоғам

Жол, дәріхана, банкомат жоқ: ТЖ кезінде жедел жәрдем ақылы болған ауылдан репортаж

Аршалы ауданындағы үш ауылдың проблемасы жайлы

Жол, дәріхана, банкомат жоқ: ТЖ кезінде жедел жәрдем ақылы болған ауылдан репортаж
Фотолардың авторы: Нұрдәулет Әбікеев

Қыркүйек айының басында Azattyq Rýhy тілшілерінің интернет сапасы мен білім беру саласындағы проблемаларды білу мақсатымен Аршалы ауданына барғанда, ауданға қарасты бірнеше ауыл тұрғындары тіршілігін қиындатып отырған өзекті мәселелерді айтты.

Аудандағы ауылдарға қатысты бұған дейін жарияланған материалда үлескерлерді алдап, шетелге қашып кеткен Ерқанат Тайжановтың ауыл тұрғындарына жасаған қиянаты айтылған еді. Бүгін елорда іргесіндегі ауылдардың көктемде жарияланған Төтенше жағдай мен жазғы карантин кезінде қандай қиындық көргенін, шенеуніктер ойлы-қырлы жолдарды қашан жөндеуден өткізуге уәде бергенін және неге ауыл адамдары тегін жедел жәрдем қызметі үшін 1000 теңге төлегенін жазамыз.

ТЖ КЕЗІНДЕ АУЫЛ ДҮКЕНІ БІР ҚАП ҰНДЫ 10 000 ТЕҢГЕГЕ САТҚАН

Елордаға жақын жердегі Қостомар, Бұлақсай, Ақжар ауылдары Аршалы ауданына қарайды. Аталмыш ауылдарға апаратын жол облыстық маңызға ие. Сондықтан оны жөндеу, жол салу - Ақмола облысының міндеті. Ол міндет туралы сәл кейінірек жазамыз.

Бүгінгі әңгімеміз – біз айтқан үш ауыл тұрғындарының көктемгі төтенше жағдай кезінде қандай қиындық көргені жайлы.

Біріншіден, Қостомар ауылының тұрғындары ауылда таза ауыз су болмаған соң, оны сатып алатын. Ауыз суға арналған жаңа құбырлар тесіліп, жергілікті билік оның жұмысын тоқтатып қойған.

«Бүкіл ауыл тұзды су ішті. Ол техникалық су, оны ішуге болмайды. Әкімге (Бұлақсай ауылдық округіне қарайтын үш ауылдың әкімі Қуаныш Жандыбаев – авт.) су тасымалын ұйымдастыруға бола ма деп бардық, бірақ ештеңе өзгермеді. Жаңа желілерден ақау шығып, оны тоқтатуға тура келді. Екі жарым ай бойы сусыз отырдық», - дейді Қостомар ауылының тұрғындары.

Бұлақсай мен Ақжардағы адамдардың да қиындығы осыған ұқсас болған: азық-түлік қымбаттаған, Қостомар, Бұлақсай, Ақжар ауылының үшеуінде де дәріхана, банкомат жоқ. Ал, жергілікті дүкендер төлем карталарын қабылдамайды. Дәрі іздеген халық даладағы жолмен аудан орталығы мен Нұр-Сұлтанға тығылып кірген.

Аршалы ауданының бас дәрігері Альбина Анюхина үш ауылда да мүлде дәріхана жоқ екенін мойындады.

«Көктемгі карантин кезінде адам өлмеген, екінші карантин кезінде аудан бойынша 24 адам пневмониядан, 4 адам коронавирустан көз жұмды», - деп хабарлады біздің сұрағымызға жауап берген Альбина Анюхина.

Бас дәрігер дәріхана саласы жекеменшікке өткендіктен, оны ашу үшін лицензия беру керек екенін айтты. Сондай-ақ лицензия мәселесі шешіліп жатқанына сендірді.

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ НАУҚАСТЫ АУДАН ОРТАЛЫҒЫНА ТАСЫМАЛДАУ ҮШІН 1000 ТЕҢГЕ АҚША АЛАДЫ

Аудан әкімі Талғат Мұханбеджанов Қостомар ауылына келмей, журналистерді әу баста Бұлақсай ауылының сыртында күтіп алды. Әкім сол жерге келген тұрғындармен ғана сөйлесіп, ауыл сыртынан тарқасайық дегендей ишара білдірді. Бірақ журналистер ауыл ішін аралап, сонда мәселе көтермекке жиналған халықтың жанына шығуды ұсынды.

Бұлақсай ауылының халқы дәріханадан басқа мынадай мәселелерді көтерді: ауылда балабақша жоқ, жол жоқ, дәріхана жоқ, түнде ауыл көшелері тас қараңғы, ауырған адам анализ тапсыру үшін 90 шақырым жердегі аудан орталығына таң атпай баруы тиіс (үлгермесе, аудандағы дәрігерлер анализдерін қабылдамайды – авт.), жатып емделетін аурухана жоқ болған соң, ауданға барып қаралу үшін жекеменшік авто иелеріне жолақы үшін 8000 мың теңге, ал мемлекеттік жедел жәрдемге (!) 1000  теңге жолақы төлеуге мәжбүр болған. Ал карантин кезінде Бұлақсайдағы дүкендер бір қап ұнды 10 000 теңгеге бағалаған.

«Ең басты мәселе – ол әрине, жол. Астанаға тиіп тұрсақ та, өз баламызға «Қалаға апаршы» деп өтініш жасаудан ұяласың. Жолдың сапасыздығынан көлік бұзылып, дөңгелектері жарамай қалады. Екінші мәселе – балабақша жоқ. Үшінші мәселе – кешкісін ауыл-үйді аралайық десек, біз сияқты үлкен кісілер үшін көше тас қараңғы. Қоқысқа, ағашқа, тасқа сүрініп құлаймыз. Ал ауырып, анализ тапсырайық десек, аудан орталығы Аршалыға баруға тура келеді. Оның өзінде, үлгеріп бармасаң, анализіңді қабылдамай қояды. Ауылда дәріхана жоқ, дәрінің бәрін қаладан алдырамыз. Жедел жәрдем көлігі керек кезде біресе бензин жоқ, біресе сынып жатырмын дейді. Ал ауданға жеке көлік иелері 8000 теңге ақы алады», - дейді Бұлақсай ауылының тұрғыны Гүлнәр Жылышбай.

Аудан әкімінен қоғамдық көлік неге жүрмейді деп сұрасақ, «жол сапасы нашар» деген жауапқа тоқтады. Ал банкомат орнату үшін Талғат Мұханбеджанов «үлкен кісілермен» сөйлесу керек дейді.

«Бұлақсайда жеке шаруа қожалығы жоқ. Банкомат орнату үшін үлкен кісімен келісімшартқа отыру керек. Оны күзету керек. Банкоматты жай жерге әкеліп қомайды. Бейнебақылау орнату керек», - деген аудан әкімі Қостомарға банкомат қойыңдар деп, өзінен шені төмендерге тапсырма берді.

Бірақ Бұлақсай ауылының тұрғындары «Неге картадағы ақшамызды алу үшін Қостомарға қатынауымыз керек?» деп, наразылық білдірді. Бұған аудан әкімі үнсіздік танытты. Журналистер әкімге «банкомат орнату үшін «үлкен кісімен» емес, екінші деңгейлі банктермен келіссөз жүргізу керек екенін» ескертті.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМҒА БӨЛІНЕТІН ҚАРАЖАТ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰПИЯ МА?

Аудан әкімінің орынбасары Ризат Забировтың айтуынша, ауданның тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің қаражаты – «мемлекеттік құпия».

Қостомар ауылы Нұр-Сұлтан қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан. Қазір үй салу үшін ауылдан жер телімін алып жатқандар көп. Ескі ауылдың жанынан ауыл халқы «Новостройка» деп атап кеткен жаңа бір ауыл пайда болып жатыр. Бірақ жаңа құрылысқа инфрақұрылым мүлдем тартылмаған.

«Құрылыс түсіп жатқан жерге инженерлік-коммуникация инфрақұрылымын тарту жөнінде жоба дайындадық. Қазан айының соңына дейін ол сараптамадан өтеді, сосын бюджетке кіргіземіз. Ақша сұраймыз», - дейді Ризат Забиров.

Инфрақұрылым тарту үшін шамамен қанша қаражат сұралады деген сұраққа ол:

«Ауданның ТКШ бөліміне қарасты бюджет «мемлекеттік құпия», осы тақырыпқа үңілмей-ақ қойыңызшы», - деп жауап берді.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ЖОЛ ЖӨНДЕУ ҮШІН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТЕН 8 МЛРД ТЕҢГЕ СҰРАЙДЫ

Ақмолы облысы Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Әрсен Жанғасқанов үш ауылды қаламен жалғап тұрған жолды «тамырымен қазып» жөндемесе, бөлінген қаражаттың желге ұшатынын айтады. Яғни, жолға күрделі жөндеу керек.

«Осы жолдың мәселесімен 2019 жылдан бастап айналысып жатырмыз. Облыс әкімі Ермек Боранбайұлы (Ақмола облысының әкімі Маржықпаев – авт.) жолдың сапасыз екенін екенін өз көзімен көрген. 2020 жылғы бюджет 2019 жылы қабылданатынын білесіздер ғой. Бұл жолды күрделі жөндеуден өткізу керек, әйтпесе, оның қазіргі жағдайына орташа жөндеу жеткіліксіз. Неге десеңіз, жолдың қазіргі жүктемесі бір оське – 8 тонна. Қазіргі жүріп жатқан көліктердің салмағы бір оське 13-14 тонна. Сонда қазір бір көліктен шамамен, 40 тонна салмақ түсіп отыр. Орташа жөндеуден өткізу үшін бөлінген ақша далаға шашқанмен бірдей. Сондықтан ең алдымен, жолды күрделі жөндеуден өткізудің жобалық-сметалық құжатына ақша бөлді. Құжат қазір сараптамадан өтіп жатыр. Сараптамадан міндетті түрде өтуі керек, ол сараптамасыз қаражат бөлінбейді, министрлік (Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – авт.) ол құжатсыз қаражат бермейді. 45 жұмыс күні ішінде біз сараптама нәтижесін аламыз. Дайын болса, келесі жылғы республикалық бюджеттен қаражат сұраймыз. Жобалық-сметалық құжат бойынша Нұр-Сұлтанның сыртындағы шығыс айналма жолынан осы жолдың нөлінші шақырымы басталады және 41 шақырымға созылады. Осы қашықтықты екіге бөлдік, өйткені, бір рет сұрайтын қаражат көлемі көп болып кетеді. Тіпті, ақшаны естіген адам шалқасынан құлауы мүмкін (8 млрд теңге). Сондықтан, бірінші учаскесіне 4,5 млрд теңге, екінші учаскесіне 3,5 млрд теңге сұраймыз. Егер бәрі жақсы болып, республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, 2021 жылы 0-23 шақырымын, кейін қалғанын күрделі жөндеуден өткіземіз», - деп хабарлады мәселені Әрсен Жанғасқанов.

Аудан әкімі Талғат Мұханбеджанов осы ауылдарға апаратын жолды 75 млрд теңге инвестицияға салынып жатқан жел электр станцияларының жүк көліктері «бүлдіріп» кетті дейді.

«Жол неге жаман, өйткені, былтыр жел электр станциясының құрылысы басталды. Оған 75 млрд теңге инвестиция салынып жатыр. Бұл – инвестиция, біз инвестиция салмаңыздар деп айта алмаймыз. Жолды расымен де жүк көліктері бұзады. Сондықтан облыстық жол басқармасы ай сайын жолды сырып отыруға уәде еткен», - дейді Талғат Мұханбеджанов.

Аудан басшылығы тұрғындардың әр өтініші хаттамаға түсіріліп, оларды шешу жолдарын қарастырамыз деген уәдемен кетті.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары