Ақмола облысының 105 ауылында интернет жоқ. «Қазақтелеком» мен Білім басқармасының мәліметі екі түрлі
Ауыл тұрғындары қашықтан оқыту процесі қиындық туғызып жатқанын айтты
Жаңа оқу жылы басталғалы айға жуық уақыт өткенімен, тұрғындар Ақмола облысының бірқатар ауылдарында, тіпті облыс орталығындағы бірқатар жаңадан салынған үйлерде интернет байланысының әлсіздігін айтып шағымдануда. Балаларын қашықтан оқытуға мүмкіндігі болмай отырған ата-аналар оқушылардың тиянақты білім алуына жағдай жоқтығын айтып дабыл қақты. Олардың айтуынша, интернет байланысы түгілі, соңғы айда ұялы байланыстың өзі мүлде істемей қалған. Айтуынша, қашықтан оқыту тіпті мүмкін емес екен.
Ақмола облысындағы бірнеше ауыл тұрғынының шағымын тыңдаған Azattyq Rýhy тілшісі тұрғындарды толғандырған өткір тақырыпты таразылап көрді.
БАЛАЛАР ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ ПРОЦЕСІНЕ ҚОСЫЛА АЛМАЙДЫ
«Интернеттің жоқтығынан балаларымыз қашықтан оқыту процесіне қатыса алмай, қиналып жүр. Бұл туралы облыс әкімдігіне, «Қазақтелеком» басшылығына дейін хабарластық. Бірақ әзірге еш нәтиже болар емес. Мен Целиноград ауданының Қызылсуат ауылына осыдан бір жарым жыл бұрын көшіп келдім. 3100 халқы бар Қызысуат кенті Нұр-Сұлтан қаласына таяқ тастам жерде орналасқан. Ауыл автомагистральды жолдан 1,5 шақырым ғана әріде орналасқан. Интернет байланысы өте төмен, тіпті ұстамайды десе болады. Балалар қашықтан оқыту байланысына мүлде қосыла алмайды. Сапасыз интернеттен оқушылардың білім деңгейі төмендейтіні айтпаса да түсінікті. Тіпті, қашықтан оқыту мүлде тоқтап қала ма деген қорқынышы та бар. Бұл туралы тұрғындардың атынан ауыл әкімдігіне кіріп, олар «Қазақтелеком» АҚ басшылығына хат та жазды. «Қазақтелеком» басшылығының айтуынша, бізде интернет жылдамдығын арттыру әзірге мүмкін емес. Өйткені, ауылға коммуникациялық қызмет сымсыз технологиямен ұсынылады. Ал байланыс желісінің құрылысын салу әзірге қарастырылмапты. Сонда, елорда іргесінде ғана тұрған үш мыңнан астам тұрғыны бар елдімекен балалары қалай білім алмақ?», - дейді Қызылсуат ауылының тұрғыны Динара Муксулова.
Қызылсуат ауылындағы жағдайға байланысты Динара Муксулованың жазған шағымына Целиноград ауданының әкімдігі төмендегідей түсініктеме беріпті.
Қашықтық оқыту режимінде 5-11 сынып оқушылары білім алады. Бастауыш сынып оқушыларына дәстүрлі режимде кезекші топтарда оқуға мүмкіндік берілген. Ата-аналардың өтініші бойынша, барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып оқып жатыр. Қазір Қызылсуат орта мектебінде 227 оқушы бар. 5-11 сыныптарда қашықтан оқыту режимінде 10 оқушы оқытылуда. Тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балаларына қашықтан оқу кезінде уақытша қолдану үшін 50 ноутбук пен компьютер, сондай-ақ 6 Wi-Fi роутер берілген. Мектепте жылдамдығы 10мб/с екі Wi-Fi нүктесі бар. Онда барлық білім беру платформалары мен интернет ресурстарды қолдануға мүмкіндік береді», - дейді Целиноград ауданы әкімдігінің берген хабарламада.
Интернет сапасына Зеренді ауданындағы тағы бірқатар ауыл тұрғындары да наразы.
«Зеренді ауданының Қойсалған, Қанай би, Серафимовка және Игілік ауылдарында интернет байланысы мүлде әлсіз. Қазіргі қашықтан оқыту кезінде балаларымыз қиналып жатыр. Бейне байланысқа шығу мүлде мүмкін емес. Ұялы байланыстың өзі бірде ұстап, бірде ұстамай қалатын. Соңғы бір айда тіпті ұстамай қалды. Ең алдымен балаларымыздың білім алуына мүмкіндіктің болмай отырғанына қынжыламыз», - дейді Қанай би ауылының тұрғыны Сәкен Бегенов.
Интернет байланысы ауыл түгіл облыс орталығына жақын орналасқан жаңа үйлерде де сапасыз болып шықты.
«Біз жақында ғана Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағын ауданында салынған үйде тұрамыз. Пандемия кезінде оқушылар қашықтан оқытуға көшірілген, өзіміз де үйде қашықтан жұмыс істеудеміз. «Қазақтелеком» және «Билайнға» хабарласып, интернет қосуға өтінім бердік. «Қазақтелеком» желтоқсан айында, тіпті келесі жылы ғана интернет қоса алатынын жеткізді. «Билайн» орталығындағылар бізде желіні тарту ойларында жоқ екендігін айтты. Сонда біз қайтеміз? Балаларымыз қалай сапалы білім алады? Интернет мәселесі тезірек шешілсе екен», - дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Арман Бижігітов.
ОБЛЫС МЕКТЕПТЕРІ 100 ПАЙЫЗ ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛҒАН
Қашықтан оқытудан қиналған тұрғындардың жанайқайын осылай жеткізді. Ал өңірдегі білім беру мәселесінің мән-жайын жақында өткен брифинг барысында жария еткен Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповтің деректері төмендегідей:
Ақмола облысының барлық жалпы білім беретін мектептері 100 пайыз кең жолақты (секундына 4 Мбит және одан жоғары) интернетке қосылған. Қашықтан оқыту процесіне қатысып жатқан 70 мыңнан астам оқушының 1600-ден астамында интернет қолжетімсіз. Аталған мәселені шешу үшін білім бөлімдері оқушыларға қолдану үшін роутерлер сатып алып жатыр. Қашықтан оқытылатын 70 мыңнан астам оқушылардың 7675-де жеке компьютерлері болмағандықтан, олардың барлығына уақытша қолдану үшін компьютерлік техникалар берілген.
Облыстағы интернет жағдайын нақтылау үшін «Қазақтелеком» АҚ басшылығынан білмек болып, ресми хат жолдадық. Компанияның берген жауабы төмендегідей болды:
«Бүгінгі таңда Ақмола облысындағы елдімекендердің 82 пайызы, яғни 482 ауыл интернетпен қамтылса, 18 пайызында, яғни 105 ауылда «Қазақтелеком» АҚ тарапынан таралатын интернет байланысы жоқ. Зеренді ауданындағы Мәлік Ғабдуллин (Пухальск), Қанай би, Игілік, Қойсалған, Серафимовка ауылдары мен Целиноград ауданындағы Қызылсуат ауылында биыл байланыс желісінің құрылысы қарастырылмаған. Өйткені, ауылды жерлерде интернетті сымсыз қолжетімділік болуы тиіс. Халық саны 250-ден асатын ауылдарда мәселен Мәлік Ғабдуллин ауылында мобильді интернет желісімен қамтамасыз ету бойынша бағдарлама жүзеге асырылмақ. Ал, Қызылсуат ауылы әкімдігіне ауылды интернетпен қамтамасыз ету үшін әкімдік есебінен кеңжолақты сымсыз радиоқолжетімділікті сатып алу туралы техникалық шешімді жолдағанбыз. Бұл шешім ауылдағы оқушылар мен ауыл тұрғындарын да интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 36 ауылды елдімекендерді талшықты-оптикалық технологиямен интернетпен қамтамасыз ету бойынша жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, халық саны 250 адамнан асатын ауылдарға «Кар-Тел» ЖШС-і, «Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-мен бірлесіп кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасы жүзеге асырылмақ. Осы жоба бойынша Ақмола облысындағы 74 ауылды елдімекенді ұялы операторлар интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қашықтан оқыту бойынша Ақмола облысындағы 554 мектептің 94 пайызы яғни 519-і интернет желісіне қосылған, - дейді «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы орталық өңірлік телекоммуникация дирекциясының бас директоры Қажымұрат Темірханов.
Облыстағы интернет байланысының бүгінгі жағдайы жайлы тиісті сала басшыларының жауабы осылай өрбіді. Қос мекеменің берген мәліметінде айтарлықтай айырмашылық бар.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы