$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.09.2020, 14:56
Қоғам

Балқаш пен Жезқазғанның экологиялық мәселесін шешуге арналған жол картасы әзірленбек

Қарағандыда Жезқазған, Балқаш, Теміртау қалаларындағы экологиялық жағдайға байланысты жиын өтті

Балқаш пен Жезқазғанның экологиялық мәселесін шешуге арналған жол картасы әзірленбек
Фото: shutterstock.com

Талқылауға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғыният, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Сайыров, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир және «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Әділет Бәрменқұлов қатысып, сөз сөйледі.

Сондай-ақ жиында Балқаш, Жезқазған, Теміртау қалаларының әкімдері, мәслихат депутаттары, Экология министрлігінің жергілікті департаменттері мен облыстық басқарма басшылары, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен эко-активистер де болды.

«Қарағанды мен өңірдегі қалалардың экологиялық проблемалары министрлік бақылауында. Бұл мәселелердің шешімі Қарағанды облысының экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған іс-шаралардың кешенді жоспарына да кірген. Аталған жоспар орындалса, қоршаған ортаға түсетін антропогендік және техногенді жүктеме азайып, өңірдегі экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, Теміртау қаласының экологиялық ахуалын дұрыстау үшін қаланың әкімімен кешенді жоспар бекітілген. Сонымен бірге Экология министрлігі Балқаш және Жезқазған қалаларының экологиялық проблемаларын шешуге қатысты жол картасын дайындауға ұсыныс берді. Бұл да аталған қалалардағы және облыстағы қоршаған орта жағдайын жақсартуға мүмкіндік туғызады»,- деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов.

Қазір облыста 17 ірі өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс істейді. Олар жыл сайын атмосфераға ластаушы заттар шығарады. Оның көбі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «Қазақмыс» корпорациясысының кәсіпорындарына тиесілі.

Экология министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоғамдық тыңдау барысында ірі кәсіпорын қызметіндегі әлеуметтік теңдік мәселесі де қозғалған. Атап айтқанда, жаңа медициналық кластерге басымдық беретін өңірдің әлеуметтік дамуы жөніндегі бағдарлама жасау туралы сөз болды.

Серіктес жаңалықтары