Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының басым бөлігінің жарықсыз қалуына әкеп соққан апатты жағдайды анықтауды тапсырды
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданың басым бөлігінде жарықтың сөніп қалуына әкеп соқтырған апатты жағдайға байланысты Үкіметке арнайы комиссия құруды тапсырды. Оған вице-премьер Роман Скляр төрағалық етеді. Комиссия мұқият зерттеу жүргізіп, кінәлілерді анықтап, қажет болған жағдайда істі құқық қорғау органдарына өткізеді», - деп жазды ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Сондай-ақ, Президент Үкімет пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінен алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етті.
10 қараша күні «Левобережная» подстанциясында апат болып, сол жағалаудағы халықтың 70 пайызы жарықсыз қалған еді. 11 қараша күні қала әкімдігі мәлім еткендей, Ақорда, Парламент Сенаты, Мәжіліс, Министрліктер үйі, Үкімет үйі, Жоғарғы сот ғимараттарына, сондай-ақ «Уют», «Краун Плаза», «Тұмар» (2 үй), «Арт Хаус», «Вива плаза», «Алатау», «На водно-зеленом бульваре» көппәтерлі тұрғын үйлерге жарық берілді.