Көкшетауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені ашылды
Кешенде бір уақытта 60 адам спортпен шұғылдана алады
Көкшетауда облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Дарын» жаңа спорт кешені ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының ішкі саясат басқармасына сілтеме жасай отырып.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында халық арасында бұқаралық спортқа басымдық беру, өскелең ұрпақты дене шынықтыруға баулу қажеттігін атап өтті.
«Барлық аймақ меценаттарына, ал Ақмола облысының қоян – қолтық күрес Федерациясына «Дарын» ұзақ өмір сүру орталығын құруға қатысқандары үшін үлкен алғысымды білдіремін», - деп атап өтті өңір басшысы спорт нысанының ашылуында.
Кешеннің күрделі құрылысы кезеңінде 53 миллион теңге сомасына демеушілік жарналар жасап, әртүрлі ақмолалық компаниялар өз үлестерін қосты.
Кешенде бір уақытта мүмкіндігі шектеулі 60 адам спортпен шұғылдана алады. Мұнда барлық қажетті жағдайлар жасалған: тренажер залы, емшара-массаж кабинеті, жекпе-жек және фитнес залдары бар. Бұдан басқа, E-gov өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылды, сондай-ақ компьютерлік сауаттылыққа оқыту жүргізілетін болады. Алдағы уақытта қонақ үй кешені мен жабық футбол алаңын салу жоспарлануда.
Жалпы, жаңа мекеме мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығын сақтау үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, олардың бейімделуі мен оңалтылуын қамтамасыз етуге көмектеседі.
Ақмола облысында бүгінде ерекше қажеттіліктері бар 25 мың адам тұрады. Оның 30 пайызы спортпен белсенді айналысады. Олардың арасында пауэрлифтинг, жеңіл және ауыр атлетика, армрестлинг, теннис және басқа да спорт түрлері бойынша чемпиондар бар.