«Мен ризамын». Есіл көпірінде астаналық дәрігерлерге арналған фотогалерея ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Руслан Мазунин дәрігерлерге осылайша алғыс білдіргісі келген

Нұр-Сұлтандағы Есіл бойында орналасқан көпірде дәрігерлердің портреттері пайда болды. Аталған көрмені фотограф Руслан Мазунин ел азаматтарының денсаулығы үшін күресіп жүрген дәрігерлерге алғыс білдіру үшін достарымен бірге ұйымдастырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Русланды астанада мұндай көрме ұйымдастыруға  Бастилия операсының қасбетін дәрігерлер портретіне толтырып тастаған француздық заманауи суретшінің әрекеті шабыттандырған.

«Мені әрдайым өзге ел азаматтарының дәрігерлерге білдірген алғыстары таңғалдыратын. Мен де еліміздің дәрігерлеріне алғыс білдіргім келді. Алғысты бізді құтқару үшін жұмыс істеген, әлі де жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге, мейірбикелер мен санитар қызметкерлерге, реаниматолог, инфекциялық дәрігерлер, фельдшерлер және еліміздің әрбір аймағындағы медицина қызметкеріне білдіргім келеді. Сіздер кейде кадр сыртында қалып қаласыздар, кейде біз сіздердің есімдеріңізді де білмей жатамыз. Кейде өз өмірлеріңізді біз үшін құрбан етіп жатасыздар», - деп жазды Руслан Мазунин желідегі парақшасында.

Русланның аталған идеяны жүзеге асыруына Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов қолдау білдіріп, Нұр-Сұлтандағы инфекциялық госпиталь дәрігерлерімен фотосессия ұйымдастырып берген. Руслан көрме ұйымдастырмас бұрын, дәрігерлердің суреттерін танымал журнал мұқабасына сыйдырып, видеоролик жасаған. Видеоролик астына көрме ұйымдастырғысы келетінін жазған. 

«Бәріміз мұңға толы жаңалықтар легінен шаршадық. Қазіргідей ауыр кезеңде  дәрігерлердің жылы жымиысы әрқайсыңызға кішкентай ғана мейірім мен үміт сыйлайды деп сенемін. Жарты жылда орын алған жағдайлар көбіміздің жүрегімізде өз ізін қалдырды. Бірақ мен осы көрме арқылы үміт нышаны ретінде дәрігерлердіңқуанышты жүздерін көрсеткім келді. Суретте осы уақытқа дейін тынымсыз еңбек етіп келе жатқан ақ халаттылардың кішкентай ғана бөлігі», - деп атап өтті ол.

Айжан Қалиева, Нұр - Сұлтан