Көпқабатты нысан 1-ші шілде күні ресми түрде халық қолданысына берілген
Петропавлдың тыңнан бой көтеріп келе жатқан «Жас өркен» ауданында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тапсырылған жаңа үйдің тұрғындары ауыз сусыз, электр қуатынсыз отыр. Жамбыл көшесі, 54/1 үй мекенжайында орналасқан көпқабатты нысан 1-ші шілде күні ресми түрде халық қолданысына берілген. Бірақ іс жүзінде тұрғындар көптен күткен баспаналарына көше алмай отыр. Оның үстіне, иелері бірнеше айдан бері ипотекалық несие төлеп, пәтер жалдауға мәжбүр. Коммуникация желілері жетпей қалған үйдің тұрғындарымен «Azattyq Rýhy» тілшісі сұхбаттасқан еді.
ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫН КІМ ҚОРҒАЙДЫ?
Пәтерлер көктемде-ақ сатыла бастаған. Ішкі әрлеу жұмыстарынсыз тапсырылған баспананың бағасы әр шаршы метріне 220 мың теңгеден саудаланған. Петропавл қаласы үшін бұл арзан баға емес. Соған қарамастан, құрылыс компаниясы тұтынушылар алдындағы міндетін толық орындамаған. Қазір пәтер иелерінің барлығы дерлік ипотекалық несие төлеп отыр. Оның үстіне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Шаш етектен шығынға батқан халық Петропавл қаласы әкімдігінен де, «Стройкомпания» құрылыс компаниясы тарапынан да құрғақ уәде бергеннен басқа ешқандай әрекет болмай отырғанын айтады.
«Үй 1-ші шілде күні ресми түрде тапсырылды. Сол сәтте құрылыс компаниясының басшылығы жөндеу жұмыстарын бастауымызға болатынын жеткізді. 1-ші тамызға дейін судың берілетінін айтты. Уәде орындалған жоқ. Үйде су түгілі, тұрақты электр желісі де жоқ. Қалқандардың барлығы бос тұр. Кейбір көршілеріміз жаңа үйге көшу үшін жалдап отырған үйлерінің қожайындарымен келісімшартты үзген. Енді олар қайда барады? Екі ортада баспанасыз қалғалы тұрғандар бар. Өзім отбасыммен туыстарымның үйін жағалап жүрмін. Ипотека төлеп, пәтер жалдауға мүмкіндік жоқ. Канализация да жұмыс істемейді. Егер коммуникация келіп жатса, бірден көршілердің 50 пайызы көшіп келер еді деп ойлаймын», - дейді пәтер иесі Вадим Аделев.
Ал құрылыс компаниясы өз міндеттерін орындағанын айтып, олқылықты облыс орталығын тіршілік көзімен қамтамасыз етіп отырған «Қызылжар су» мекемесіне сілтейді. Ал олар келісімшарт жоқ екенін айтады. Айналып келгенде зардабын қарапайым тұтынушы тартып отыр.
«Жаңа оқу жылы басталып қалды. Қашықтан оқитынымыз белгілі. Балаларға сабақ оқитын жағдай жасауды жоспарлағанбыз. Құрылыс компаниясының жауапсыздығының кесірінен ойымызды жүзеге асыра алмадық. Ақшасын төлегендіктен, тиісті тауарға ие болу – біздің құқығымыз. Оның бұзылғанына құлақ асып жатқан ешкім жоқ», - дейді Вадим.
ТҰРҒЫНДАР ДАЛАДАН СУ ТАСУҒА МӘЖБҮР
Тұрғындардың кейбірі жөндеу жұмыстарын бастаған. Олар суды сырттан тасуға мәжбүр. Әсіресе, жоғарғы қабаттарда орналасқан пәтерлердің иелеріне қиын соғып тұр. Жеделсаты болғанымен, ол да іске қосылмаған.
«Пәтерлерді көбіне жас отбасылар сатып алған. Барлығының кішкентай балалары бар. Ипотекалық несие төлеп, пәтер жалдау оңай емес. Балаларының құжаттарын жақын маңдағы мектепке кезекші сыныптарға беріп қойғандар бар. Олардың кейбірі қаланың екінші шетінде тұрады. Құрылыс компаниясының кесірінен қаншама қиындыққа тап болдық. Олардың мына бассыздығына қарсы қолданар шара қалмады», - дейді Талғат Жансейітов.
«Комуникация желілеріне құрылыс компаниясы жауапты. Біз 23 шілде күні электр қуаты мен тамызда су бердік. Үйді коммуникацияға қосуға қажетті жағдайдың барлығын жасадық. Жүйе сынақтан өтті. Су жертөлеге келіп тұр. Олар оны пәтерлерге жеткізсе, жеткілікті. Мердігер жобаны жүзеге асыру мерзімін білді», - дейді Петропавл қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Асқар Хабибуллин.
КӨПШІЛІКТІҢ САУАЛЫ ТАҒЫ ДА ЖАУАПСЫЗ ҚАЛДЫ
Құрылыс компаниясының мамандары әкімдік өкілдерінің айтқан ақпаратын жоққа шығарды. Мердігер тиісті құжаттар өткен аптаның соңында ғана қолына тигенін айтады.
«Жұмыс істеліп жатыр. Әкімдік су құбырын тапсырды. Біз санитарлық-эпидемиологиялық қызметті шақырып, сараптама жасатамыз. Су есептегіш құралдарын пломбаладық. Электр есептегіш құралдар да орнатылып жатыр. Келесі аптада пәтерлерде жарық болады», - дейді «Стройкомпания» құрылыс компаниясының энергетигі Виктор Сиромский.
Ал судың қашан берілетінін құрылыс компаниясының өкілі дөп басып айта алмады. Бір қызығы, пәтерлер есептегіш құралдарынсыз тапсырылған.
«Есептегіш құралдарының орнатылмауының себебі – оларды біреулер ұрлап әкетуі мүмкін. Қазір барлық пәтерлер сатылды. Енді бұл жұмысты қолға аламыз», - деді ол.
Петропавлда жаңадан салынған үйлер төңірегіндегі даулы мәселелер жиі туындап тұрады. Бұған дейін құрылысы бітпеген үйдің ипотекасын төлеп қиналған тұрғындардың шағымы туралы да жазған болатынбыз.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО