$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.08.2020, 14:32
Қоғам

Ақпарат министрлігі Қазақстанда жыныстық сауаттылық туралы оқулық шыққанын жоққа шығарды

Жалған ақпарат таратушыға құқықтық баға беру үшін материал Ішкі істер министрлігіне жолданды

Ақпарат министрлігі Қазақстанда жыныстық сауаттылық туралы оқулық шыққанын жоққа шығарды
Фото: instagram.com/pravo_na_otkaz.kz

Instagram желісінде Қазақстан мектептерінде жыныстық білім беруге арналған оқулық бары айтылған жазба жарияланды.

Жазба авторы жазылушыларын eGov.kz арқылы кәмелетке толмағандардың репродуктивті және психикалық денсаулығын қорғау бойынша медициналық көмек ұйымдастыру ережелеріне қарсы дауыс беруге үндейді. Бұл ретте пост авторы «балалардың назарына ұсынылатын» жыныстық сауаттылық туралы кітаптағы суреттерді көрсеткен.

Шын мәнінде, жазба авторы жариялаған көрнекі суреттер 2010 жылы Ресейде басылып шыққан «Как я появился на свет» кітабынан алынған. Оның Қазақстандағы білім беру жүйесіне еш қатысы жоқ.

Ақпараттың рас-өтірігін анықтайтын StopFake интернет-ресурсы редакциясы «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығына хабарласып, түсініктеме алған.

«Постта көрсетілген кітаптың қазақстандық оқулықтарға еш қатысы жоқ. Оның үстіне, Қазақстанда мектептерде жыныстық тәрбие беру сабақтары өткізілмейді. Мектеп оқулықтарының мазмұны Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға (ҚР МЖМС), әрбір пән бойынша ҚР БҒМ бекіткен типтік оқу жоспарлары мен типтік оқу бағдарламаларына сәйкес құрастырылады. Бұл құжаттарда жыныстық тәрбие беру туралы пән жоқ», - деді орталық директоры Ғани Бейсембаев.

Әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарату фактілеріне құқықтық баға беру үшін материал Ішкі істер министрлігіне жолданды.

Серіктес жаңалықтары