Павлодар облысында көлік өртеніп, екі жасар қыз көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

Ата-аналардың бейқамдығы қайғыға әкеледі 

 

Өткен демалыс күндері (22-23 тамыз) ата-анасының қарауынсыз қалған бес бала жарақат алды, тағы үшеуі қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Liter.kz-ке сілтеме жасап.  

22 тамызда Павлодар облысы Баянауыл ауданы Жүсіп ауылында жеке тұрғын үйдің ауласында жеңіл автокөлік өртенді. Нәтижесінде, 2018 жылы туған қыз күйікпен ауруханаға жатқызылды, ол кейіннен қайтыс болды. Өрттің алдын ала себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы.

Сол түні Нұр-Сұлтан қаласындағы саяжайдағы тұрғын үйде қатты отынмен жылытатын пештің, тазаланбаған мұржаның ақаулығынан 2017 және 2012 жылы туған балалар иіс газымен уланып, ауруханаға жатқызылды.

Сондай-ақ, елордада 14 қабатты көппәтерлі тұрғын үйде ересектердің қарауынсыз қалғандықтан, төртінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап, 2016 жылы туған қыз жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.

22 тамызда Алматы облысы Алакөл ауданы Ақши ауылы Алакөл көлінде гидроциклдің соқтығысуы салдарынан 2012 жылы туған баланы ауруханаға жатқызған.

23 тамызда Алматыда 2010 жылы туған бала абайсызда жертөлеге құлап кетті. Алматы қаласының құтқару қызметі ШЖҚ МКК күшімен бала құтқарылып, ауруханаға жатқызылды.

23 тамызда БҚО-да тереңдігі 2,5 метр ашық құдыққа құлап, 2016 жылы туған қыз бала суға батып кетті.

Сол күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жеке тұрғын үйдің ауласында ересектердің қарауынсыз қалған 2012 жылы туған бала қолдан жасалған балалар әткеншегінде көз жұмды.

«Әрбір ата-ана баланың қауіпті жағдайларға түсу қаупін азайту үшін қауіпсіздік шараларын білуі керек», -деп еске алады ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі.