COVID-19: Алматыда қалалық ауруханадан соңғы науқас шығарылды
Науқас екі апталық үй карантиніне жіберілді
COVID-19 вирусымен ауырған соңғы науқас емделіп, №4 қалалық клиникалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінен шығарылды. Мұнда COVID-19 вирусы және пневмония диагнозы қойылған бірде-бір науқас қалмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Бүгін «төрттік» стационарынан COVID-19 вирусынан айыққан соңғы науқас Жұмаділ Әкімбеков шығарылды.
«Ауа жетіспеушілігі, құрғақ жөтел, әлсіздік және ентігу болды. Бір апта бойы температура 39,8°C-қа дейін көтеріліп, кеуде тұсымда қатты ауырсындым. Мен ауруханаға өздігімнен қабылдау бөлмесіне келіп, тексеріліп, КТ жасап, дереу ауруханаға жатқызылдым. Маған екіжақты полисегменттік пневмония диагнозы қойылды. Мұнда маған бала сияқты қамқорлық танытып, инъекциялар мен аспа уколдарды өте мұқият қойды, дәрігерлер мен медбикелер әрдайым жанымда болды. Екі аптадан кейін қайтадан иіс сезе бастадым. Бүгін ауруханадан шығамын және ешкім коронавируспен ауырмаса екен деп тілеймін», - дейді Жұмаділ Әкімбеков.
Науқас екі апталық үй карантиніне жіберілді, ал №4 ҚКА жұқпалы аурулар бөлімшесіне дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі.