Биыл 6 мектеп директоры, 2 колледж директоры жемқорлық қылмысы үшін сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Агенттік білім саласында кездесетін жемқорлық қылмысы туралы хабарлады

Фото: Батыржан Беспаев

Сыбайлас жемқорлық фактілерін көбінесе оқу орындарының басшылары жасайды. Олар өздеріне жүктелген сенімді пайдаланып, бюджет қаражатын өздерінің карточкалық шотына заңсыз аудару, жалған жұмысқа орналастыру, орындалған жұмыс актілеріне қол қою және т.б. жолмен талан-таражға салады. Сондай-ақ мектепке кіргені үшін, жұмысқа қабылдау, орындалған жұмысты қабылдау актісіне қол қою үшін және т.б. пара алады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, өткен аптаның ішінде білім беру саласында сотқа дейінгі 10 тергеу тіркелді.

Мәселен, кеше Атырау облысында баланы мектепке дейінгі сыныпқа тіркегені үшін Жылыой ауданының білім бөлімінің бас маманы арқылы ақша алды деген күдікпен осы ауданның орта мектеп директорына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Сондай-ақ, Түркістан облысында Сарыағаш ауданының орта мектебінің директоры мұғалімді жұмыстан шығармау үшін одан 420 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді.

«Аталған тұлғалар кінәларын толық мойындауына және келу туралы міндеттеме беруіне байланысты ұсталған жоқ. Мұндай фактілер Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында анықталды», - делінген хабарламада.

Осы аптаның ішінде 2 мектеп директорына қатысты 2 үкім шықты.

20 тамызда Шиелі аудандық сотының үкімімен Шиелі ауданы «Бірлестік» ауылдық округінің №142 орта мектеп директоры Б. Теміровке 9 миллион теңге айыппұл салынды, ол күзетші ретінде мектепке жұмысқа орналастыру үшін 300 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

6 тамызда Алматы облысы Қарасай аудандық сотының үкімімен аталған ауданның Үштерек ауылының орта мектеп директоры Ж.Ш. Қашқынбаеваға 8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол аталған мектепке мұғалім ретінде жұмысқа орналастыру үшін 200 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.