Көкшетау қалалық ауруханасындағы жұқпалы стационардан соңғы пациент шығарылды
Дәрігерлер оның сәбиін де аман алып қалды

Көкшетау қалалық ауруханасының жүкті және босанған әйелдерге арналған инфекциялық стационар бөлімінен соңғы әйел үйіне жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Әйел жүктіліктің 41-аптасында қанағаттанарлық жағдайда ауруханаға түскен. Коронавирус инфекциясына жасалған талдау қорытындысына сәйкес оның ауру жұқтырғаны анықталған.
«Коронавирус жұқтырған әйел 13 тамыз күні инфекциялық стацонарға жатқызылды. Ауру симптомдық белгілері болмаған күйде өтті. Әйел іштегі нәрестесінің аса қозғалмайтынын айтып шағымданды. УЗИ және КТ өткеннен кейін шаранаға қауіп төнгені анықталды», - дейді акушер-гинеколог Саржан Қалмұратов.
Дәрігерлер шұғыл түрде кесарь отасын жасауға мәжбүр болған. Операция сәтті өтіп, нәресте аман-сау дүниеге келді.
«Сәбиді анасынан алып бірден бақылап, күтім жасадық. Біздің неонтологтар күн-түн демей, кішкентай шарананы аман алып қалу үшін қолдан келгенін жасады. Емдеу кезінде ана мен балаға тұрақты бақылау жүргізіп, аурудан тезірек айығуы үшін бар жағдайын жасаған акушер-маман Анна Шеренговскаяны ерекше атап өткім келеді», - деп толықтырды дәрігер Саржан Қалмұратов.
Жұқпалы аурулар бөліміне түскен алты тәуліктен кейін бала мен анаға жасалған бақылау анализі коронавирустың жоқ екенін көрсетіп, екеуі де аман-сау үйлеріне қайтарылды.
«Рентген кезінде жүкті әйелден пневмония байқалмады. Біз ана мен баланы ауруханадан шығаруға шешім қабылдадық», - дейді дәрігер.
Жалпы, Көкшетау қалалық ауруханасының инфекциялық бөлімінде коронавирус инфекциясы басталғалы бері 33 әйел босанып, олардың 22-іне кесарь отасы жасалған. 34 сәби аман-есен дүниеге келген.
Айта кету керек, Ақмола облысында 3400-ден астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, 71 адам қайтыс болған.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы