Алматыда 75 мың отбасы мен 2 мыңнан аса ұстаз компьютерге мұқтаж

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл – жаңа оқу жылының дайындығына қатысты жасалған мониторингтің есебі

Фото: ашық дереккөзден

Алматы қаласында қашықтан білім алып, білім үйрету үшін кемінде 75 000 отбасы мен екі мыңнан аса ұстазды техникамен қамтамасыз ету керек. Бұл туралы бүгін, 19 тамыз күні қалалық білім беру басқармасының жетекшісі Ләззат Жылқыбаева мәлім етті.

Айта кетейік, қазір Алматы қаласында 205 мемлекеттік және 61 жекеменшік мектеп бар. Қосымша 2020 жылдың бірінші қыркүйегінде Әуезов ауданында 1200 балаға арналған бір мектеп, Түрксіб ауданында 600 орындық тағы бір мектеп ашылады. Тамыздың 20-сы күні қала бойынша балаларды бірінші сыныпқа қабылдау науқаны ресми түрде аяқталады. Ләззат Жылқыбаеваның болжамынша, биыл қала бойынша шамамен, 30 мың бала бірінші сыныпқа барады.

«2020-2021 оқу жылының қашықтан басталатыны белгілі. Қазір оқу жылына деген дайындық бірнеше бағытқа бөлініп отыр. Оқу жылына дайындық жөніндегі мониторинг келесі мәселелерді көрсетті:

Қала бойынша шамамен, 75 000 отбасы мен екі мыңнан аса ұстазды тиісті техникамен қамтамасыз етуі керек. Ол үшін жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа 20 мың компьютер, Үкімет резервіндегі ақшаға тағы 38 мың компьютер алынады. Ал жергілікті бюджет есебінен алынған 22 мың планшет аз қамтылған отбасылардың балаларына беріледі», - деді Ләззат Жылқыбаева.

5 тамыздан бастап еңбек демалысы аяқталған ұстаздар цифрландыру сабақтарынан өтіп жатыр.

Мониторинг қаладағы интернет сапасына қатысты мына мәселені де анықтаған. Алматы қаласында ұялы байланыс нашар және интернет желісі баяу жүретін 46 нүкте анықталды.

«Цифрландыру басқармасы мен аудан әкімдері осы 46 нүкте туралы ақпарат берді. Балалар мен ұстаздарға сапалы интернет тарату үшін осы аудандарға қосымша байланыс антеннасын орнатамыз. Сонымен қатар, осы аудандарда тұратын оқушыларға 22 мың sim-карта таратамыз», - деді ол.