Бүгінде Қазақстанда деструктивті діни ағымның жетегінде жүрген 20 мыңнан астам адам бар
Бұл туралы Қазақстан дінтанушыларының ХІ форумында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризмге қарсы орталық басшысының орынбасары Сергей Швейкин мәлім етті, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
«Біздің есебіміз бойынша, Қазақстанда деструктивті діни ағымдардың жетегінде 20 мыңнан астам адам жүр. Олардың басым бөлігі Атырау, Оңтүстік Қазақстан (Шымкент және Түркістан облысы - ред.), Ақтөбе, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматыда қалаларында тұрады», - деді ҰҚК полковнигі.
Сондай-ақ ҰҚК полковнигі Сергей Швейкин халықаралық лаңкестік ұйымдардың қатарында жүрген Қазақстан азаматтары туралы айтты.
«Радикалды насихаттың құрбаны болып көбінесе дүниетанымы қалыптасып үлгермеген жастар мен діни сауаты төмен жандар ілігеді. Алғаш рет біздің азаматтардың 2008 жылы «Әл-Каидамен» байланысы бар топтардың қатарына кіру мақсатында Ауғанстанға кету фактісі тіркелді. 2013 жылдан бастап теріс ағым қармағына іліккен қазақстандықтар Сирия мен Иракка кете бастады. Осы уақытқа дейін 800 отандасымыз шетел ауып кетті, оның ішінде отбасыларымен кеткендер де бар. Көптеген жерлестеріміз сол жақта қайтыс болды, кейбір бөлігін елге қайтарып әкелу мүмкіндігі туды. Біздің азаматтар «ДАИШ», «Әл-Каида», Ислам жихадтарының одағы және тағы басқа халықаралық лаңкестік ұйымдардың қатарында бар, - деді ҚР Лаңкестікке қарсы күрес орталығы басшысының орынбасары, ҰҚК полковнигі Сергей Швейкин.