Қазақстанда ресми жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 8 есеге артқан

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл Еңбек министрлігі 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамтуды жоспарлаған болатын

Фото: ашық дереккөзден

Елімізде мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін ресми жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны жыл басынан бері 8 есеге артқан. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов  мәлім етті.

«Ай сайын жұмыспен қамту орталықтарына 60 мың адам жүгінеді. Өз кезегінде, жұмысқа орналастыру көрсеткіші 11 есе артып отыр. Ресми жұмыссыз 50 200 адам мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыздыққа қатысты қосымша арнайы төлемдер алуда. Оларға 7 айда 5,5 млрд теңге төленді», - деді министр. 

Жұмыспен қамту орталықтары ашық вакансияларға берілген жолдамалар бойынша 130 адамға жұмыс тауып берген.

Ал табысын жоғалтқан 4,6 млн азаматқа төтенше жағдай кезінде, яғни 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында 42 500 теңгеден беріліп, 322 млрд теңге жұмсалған. Карантиндік шектеулер болған 05 шілде мен 17 тамыз арасында 2,3 млн адамға 147 млрд теңге үлестіріп берілді.

Биыл Еңбек министрлігі 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамтуды жоспарлаған болатын. Бірақ әзірге 743 мың адам ғана қамтылып отыр.  Оның ішінде, 379 мың адам «Еңбек» бағдарламасына, 154 мың адам «Жұмыспен қамту-2020» жол картасына, 210 мың адам басқа да бағдарламаларға тартылған.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан