Қазақстан коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде 46-орында тұр
Ал COVID-19-дан қайтыс болғандар саны бойынша 64-орында

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиялардың өкілдерімен онлайн кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ДСМ Медиа орталығына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрі дипкорпусты еліміздегі коронавирус инфекциясының таралуына қарсы қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Кездесу барысында ведомство басшысы республика басшылығының жан-жақты және уақтылы қолдауы қазақстандықтарды стационарлық және амбулаториялық деңгейде қажетті медициналық көмекпен, дәрілік препараттармен, диагностикамен қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Бүгінде Қазақстан ПТР диагностикасымен қамту бойынша әлемде 39-орында тұр. ПТР-тестілеу саны артқан сайын COVID-19-ға шалдыққан пациенттерді көбірек анықтауға болады және бүгінде Қазақстан тіркелген науқастар бойынша әлемде 46-орында тұр», - деді Цой.
Анықталған пациенттердің уақтылы оқшаулануы, амбулаториялық және стационарлық емдеу, байланыста болған адамдарды бақылауда ұстау аурудың таралуын тоқтатуға, жағдайы ауыр пациенттерді бақылауға мүмкіндік берді. Дер кезінде жасалған диагностиканың арқасында Қазақстан COVID-19-дан қайтыс болғандар бойынша 64-орында тұр.