$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.08.2020, 17:26
Қоғам

«Біз де киноны сағындық». ДСМ өкілі кинотеатрлардың неге ашылмай отырғанын түсіндірді

Санитар дәрігерлер кинотеатрларды вирус тарау қаупі жоғары орындардың бірі деп қарастырады

«Біз де киноны сағындық». ДСМ өкілі кинотеатрлардың неге ашылмай отырғанын түсіндірді
Фото: yvision.kz

17 тамыздан бастап Қазақстанда карантиндік шаралар жеңілдетіліп, сауда орталықтары мен сауда орталықтарының ішіндегі дәмханалар, шаштараздар мен сұлулық салондары, даладағы және ғимараттағы базарлар ашылып жатыр. Осы орайда, Үкіметке сауал жолдаған кинотеатр иелері олардың жұмысына неге рұқсат берілмей отырғанын сұраған.

Денсаулық сақтау министрінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов санитар дәрігерлердің шешімін алға тартып, не себепті кинотеатрлардың ашылмай отырғанын түсіндірді.

«Санитар дәрігерлердің пайымдауынша, кинотеатрлар мен бассейндер сияқты қоғамдық орындар вирус жұқтыру қаупі жоғары орындар қатарына кірген. Сондықтан кинотеатрлардың жұмысына әлі рұқсат берілмей отыр. Біз де соңғы рет кинотеатрға наурыз айында барған едік, киноны сағындық. Бірақ күте тұру керек. Ең бастысы – деннің саулығы. Кинотеатрлар инфекциялық ауру тез әрі көп адамға таралатын қоғамдық орынға жатады», - деді Қожахметов.

ДСМ ресми өкілі Бағдат Қожахметов атап өткендей, әлі күнге дейін кинотеатрлардың жұмысына тыйым салып отырған Үкімет бизнеске келтірілген зардаптың орнын толтыру үшін де шара қолдануға тырысады.

Еске сала кетейік, «Арман» киноорталығының директоры Бауыржан Шүкенов жұмысы бес айдан бері тоқтап тұрған кинотеатрларға байланысты шағымданып, кинотеатрлардың да супермаркеттер, сауда орталықтары мен ойын-сауық орталықтары сияқты адамдар қауіпсіздігін, арақашықтық сақтауын қамтамасыз ете алатынын айтқан.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары