«Серпін» бағдарламасына сұраныс төмен
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл Петропавлға небәрі 50 студент келген
«Серпін» бағдарламасы іске қосылғаннан бері Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінен келген 1743 студентті қабылдады. Мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына білім гранты беріліп, бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер жасалады. Осыған қарамастан соңғы 3 жылда «Серпінге» деген сұраныс айтарлықтан төмендеген, - деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» тілшісі.
«Серпін» – 2015 жылы бастау алған болатын. Оның алғашқы қатысушылары өткен жылы диплом алып үлгерді. Қызылжар өңіріндегі жалғыз жоғары оқу орны Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде аталған бағдарлама аясында 1036 студент білім алып жүр.
«Серпін» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілетін грант түрлі университеттерге бөлінеді. Соның ішінде бізге 166 студент түсті. Биыл келіп жатқан жастардың саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе төмен», - дейді Манаш Қозыбаев атындғаы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректорының міндетін атқарушы, профессор, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласпаева.
Ал, Солтүсчтік Қазақстан облыстық облыстық білім басқармасы жеке есеп жүргізеді. Аталған ведомство мәліметінше биыл Петропавл қаласына еліміздің оңтүстік өңірлерінен небәрі 50 студент келген.
Аталмыш бағдарлама елімізде 2015 жылы іске қосылды. Басты мақсат, адам көп шоғырланған оңтүстік өңірлерден еңбек күші тапшы солтүстікке білім қуып келген түлектерге сапалы білім беріп, жұмысқа орналастыру. Оңтүстіктен келген жастарға толық жағдай жасалған, мәселен олардың барлығы дерлік жатақханамен қамтылған. Өткен жылы университет қабырғасын «Серпін» бағдарламасымен келген 122 студент тәмәмдаса олардың 78-і жұмыспен қамтылыпты. Ал қалған 28-і магистратураға түсіп, оқуын әрі қарай жалғастыруда.
«Шет тілі, екі шет тілі мамандықтарына сұраныс өте көп. Биыл 30 студент қабылдадық. Және ақпараттық коммуникациялар мамандығын жастар жиі таңдайды. биылғы жылы 24 студент түсті. Басқа да техникалық мамандықтарға сұраныс көп», - дейді Жанар Таласпаева.
Дегенмен өткен жылмен салыстырғанда Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін таңдағандардың саны екі есе кеміпті. Себеп, жергілікті аймақ әкімдерінің жеке гранттары санының көбейуі. Аталмыш бағдарлама арқылы білім алып жүргендердің бірі – қызылордалық Шыңғыс Оразмаханов. Ол агрономия факультетінің 2 курс студенті. Болашақта оқуымды жақсы аяқтап, Қызылжар өңірінде еңбек жолымды бастасам деген арманы бар.
«Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің агротехнология факультеті еліміздегі алдыңғы факультеттердің бірі болып саналады. Қазіргі уақытта агрономия мамандығы қатты дамып келеді. Және бұл университеттің бізге берері мол. Солтүстік Қазақстан облысы және университетт бізге не жағдай жасап отыр? Ең алдымен тегін жатақханамен қамтамасыз етілу ол бірінші болса, және білімімізді арттыруға көптеген мұғалімдер, профессорлар көмектеседі. Студенттердің дамуы үшін түрлі ұйымдар, клубтар жұмыс істейді», - дейді 2-ші курс студенті Шыңғыс Оразмаханов.
Университет түрлі шет мемлекеттермен де келісімге отырғандықтан, білім ордасының студенттері көршілес елдерге де барып тәжірибе жинақтай алады. Сондай-ақ әрбір оқу бітірген түлекі жұмыспен қамтамасыз етуге де тырысамыз дейді білім мекемесінің басшлығы.
«Серпін» – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына кіретін әлеуметтік жобалардың бірі. Оның басты мақсаты – еңбек нарығына қыжетті білікті мамандар даярлау. Бұл стратегияның өзегі еліміздің дамыған отыз елдің қатарына қосылу болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметі жастар мәселесіне арнап, «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» атты әлеуметтік жобаны ұсынды. Осылайша, «Серпін» өмірге келді. Бірегей бағдарлама мыңдаған жастардың Батыс пен Шығыс, Солтүстік Қазақстанда білім алуына жол ашты. Кәсіптік-техникалық колледждер мен жоғары оқу орындарында сапалы білім алып жүрген жастар осының дәлелі. Мұның тағы бір артықшылығы - студенттерге арнайы жәрдемақы төленіп, жатақханаға орналастырылады, оқу орнын бітіріп, қолына диплом алған соң жұмысқа орналасуына да мүмкіндік мол. Өткен жылдары «Серпін - 2050» жобасы бойынша 7 университет пен 25 колледжге оқуға қабылданған екен. Әсіресе, техникалық мамандықтарға басымдық көбірек берілген.
Алайда, жыл өткен сайын аталған бағдарамаға сұраныс төмендеп барады. Үгіт-насихаттың жоқтығы ма, студенттерге берілген уәденің тиісті деңгейде орындалмауы себеп болды ма, «Серпіннен» күткен серпіліс бәсеңдеп қалды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО.