17 тамыздан бастап Қазақстан жеңілдетілген карантин режиміне көшеді
Қазақстанның бас санитары Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар алаңында өткен онлайн брифингте жеңілдетілген карантин режимі қандай шараларға тыйым жалғасатынын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бұрынғыдай көрермендерге арналған спорттық, еске алу шараларына, отбасылық мерекелер мен үйде той жасауға тиым салынады. Көпшілік жеңілдетілген карантин режимінде адам жаппай жиналатын шараларға да рұқсат беріледі деп жаңсақ ойлап жатыр. Құрметті, қазақстандықтар! Адам шоғыры көп жиналған жерлер инфекцияның таралуы үшін қауіпті болғандықтан, аталған шараларға әлі де тыйым салынады», - деп атап өтті бас санитар.
Сондай-ақ, ересектер мен балаларға арналған барлық ойын-сауық орталықтарына салынған тыйым жалғаса бермек.
«Барлар, караоке мен кинотеатрлар, балаларға, ересектерге арналған ойын-сауық нысандары әлі де ашылмайды. Музейлер мен конференциялар, форум қызметтері, бассейн жұмыстары, жағажай мен аквапарк орталықтарының ашылуына, діни нысандардың жұмысына салынған тыйым жалғасады. Қала сыртындағы жолаушы тасымалы пойызы, халықаралық автобус, микроавтобус және электричка қызметі әзірше жұмысын жалғастырмайды», - деді Есмағамбетова.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан