Бас санитар 17 тамыздан бастап ашылатын нысандарға қандай талаптар қойылғанын айтты
Дүйсенбіден бастап сұлулық салондары, косметикалық орталықтар, шаштараздар мен SPA-орталықтар ашылады
Еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте дүйсенбіден бастап қандай нысандар жұмысын қайта бастайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Дүйсенбіден бастап ойын-сауықтық сауда орталықтары жұмысын бастайды. Бүгінге дейін сауда орталықтарында дәріхана мен супермаркеттер ғана жұмыс істеген болса, 17 тамыздан бастап сауда бутиктері ашылады. Ашық базарлар желісінің жұмысына да рұқсат берілді. Сондай-ақ сұлулық салондары, косметикалық орталықтар, шаштараздар мен SPA-орталықтар ашылады. Атап өтетін жағдай, аталған нысандардың барлығына белгілі бір талаптар қойылды. Ол талаптар қатаңдатылды және бизнес нысандары аталған талаптарға сай болуы тиіс. Талаптарға тоқталатын болсам, ең алдымен, нысандарда адам саны аз болуы керек және әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс. Бір клиентке кемі, 4 шаршы метр орын болуын қадағалаймыз, маска режимі міндетті түрде сақталуы тиіс», - деп атап өтті Айжан Есмағамбетова.
Одан бөлек, дүйсенбіден бастап балаларды түзету кабинеттері, балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтары ашылады.
«Орталықтардағы топтарда адам саны 5 адамнан артық болмауы тиіс. Сабақ алдын ала жазылу бойынша жүргізіледі. Мұнда да маска режимі, арақашықтық сақталуы тиіс. Сондай-ақ, балабақшалардың жұмысына рұқсат беріледі. Бірінші кезеңде балабақшаларда кезекші топтар жұмыс істейді. Кезекші топтар әр баланың жас ерекшелігіне қарай жасалып, бір топта 15 баладан аспауын қадағалайды. Ашық алаңдағы аттракциондар, монша, сауна, фитнес орталықтар ашылады. Бір айта кететіні, фитнес орталықтарда, монша мен сауналардағы бассейндер бірінші кезеңде ашылмайды. Бүгінгі таңға дейін қашықтан жұмыс істеуді жалғастырған кеңсе қызметкерлерінің 80%-ы үйден жұмыс істеу режимін жалғастырады, тек жұмысшылардың 20%-ы ғана кеңседе жұмыс істей алады»,- деді бас санитар.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 17 тамыздан бастап карантиндік шаралар кезең-кезеңімен жеңілдетіледі.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан