$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Білім министрлігі оқу жылына 20 күн қалғанда 20 мың балаға компьютер сатып алу үшін меценаттардан ақша сұрады

Ал 2020-25 жылдарға арналған білім беруді дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаға 11 трлн теңгеден астам қаражат бөлінген

Білім министрлігі оқу жылына 20 күн қалғанда 20 мың балаға компьютер сатып алу үшін меценаттардан ақша сұрады
Фотоколлаж

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой шілде айының ортасында Үкімет мүшелеріне 2020-21 оқу жылын онлайн бастау керек деп ұсыныс айтты. Денсаулық сақтау министрі күздегі тұмауды қосқанда, оқушылар мен студенттердің сабаққа баруы елдегі коронавирус инфекциясын үдетіп, ырыққа көндірмей жібереді деді.

Дәл сол күні, 14 шілдеде Білім және ғылым министрі де оқу жылының бірінші тоқсаны көп оқушы үшін онлайн басталады деп хабарлады. Төтенше жағдай еніп, онлайн форматта өткен 2019-20 оқу жылының төртінші тоқсаны Қазақстанның білім беру жүйесіндегі техникалық базаның (сапалы интернет, компьютерлер) өте нашар жағдайда екенін көрсетті. Ал қашықтан оқу басталады дегеннен бері әр аймақтағы мектеп директорлары мемлекеттік сатып алу сайтын «компьютер» деген лотпен толтырып тастады.

Azattyq Rýhy тілшісі осы уақытқа дейін білім беруді дамытуға бағытталған мембағдарламалардың (ішінде техникалық базаны жақсарту туралы пунктері бар - авт.) бюджеті туралы, сондай-ақ, егер мемлекет техникасы жоқ бүкіл балаға ноутбук пен планшет алып бергісі келсе, шамамен қанша қаражат керек екенін зерделеп көрді. Сондай-ақ, оқу жылына 20 күн қалғанда Білім министрлігі елден қандай көмек сұрап отырғаны туралы жазамыз.

ЖАН-ЖАҚТАН ЖИНАЛАТЫН ТРИЛЛИОНДАР ЖӘНЕ ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ТЕХНИКА

Арыға бармай-ақ, білім беру мен ғылым жүйесін дамыту туралы соңғы мемлекеттік бағдарламаны алайық. «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» Үкімет 2019 жылдың 27 желтоқсанында бекіткен. Премьер-министр Асқар Мамин бекіткен бағдарламаның ресми дереккөзде жарияланған бюджетін айна-қатесіз ұсынамыз.

«Бағдарламаны іске асыру үшін 2020-2025 жылдары 11 трлн 578 млрд теңге (республикалық бюджет – 9 трлн 565 млрд теңге, жергілікті бюджет – 716 млрд теңге, Дүниежүзілік банк – 13 млрд теңге, жеке инвестициялар – 1 трлн 284 млрд теңге) мөлшерінде бюджет қаражаты жұмсалатын болады, оның ішінде:

  • 2020 – 1 трлн 161 млрд теңге;
  • 2021 – 1 трлн 336 млрд теңге;
  • 2022 – 1 трлн 708 млрд теңге;
  • 2023 – 2 трлн 311 млрд теңге;
  • 2024 – 2 трлн  383 млрд теңге;
  • 2025 – 2 трлн 679 млрд теңге.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаражат».

Осы бағдарламаның «Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы мен цифрлық инфрақұрылымын дамыту» туралы арнайы тармағы бар. Онда «қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі – дамыған цифрлық инфрақұрылым. Бүгінде көптеген қазақстандық білім беру ұйымдары интернет жылдамдығының төмендігіне, цифрлық инфрақұрылымның жетіспеуіне немесе сәйкес келмеуіне байланысты, қиындықтарға тап болып отыр. Мектепке дейінгі ұйымдардың 60 %-ы, мектептердің 10 %-ы және колледждердің 18 %-ы әлі күнге дейін жылдамдығы 4 Мбит/с аз интернет желісіне қосылған. 2018 жылы мектептердің оқу процесінде 305 мың компьютер пайдаланылды, оның 30,3 %-ы ауыстыруды қажет етеді. Сондықтан білім беру ұйымдарында ІТ-инфрақұрылымды, цифрлық білім беру ресурстарын, ашық онлайн-курстардың желілері мен платформаларын дамыту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру қажет» деп жазылған.

Айта кетейік, бұл кемшілік сол кезде де триллиондар бөлінген «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-19 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қалдырған «мұра».

ПАНДЕМИЯ МЕМБАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖОСПАРЫН ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТТІ?

Бұл бағдарламаның біз айтып отырған техникалар туралы «тармағы», әрине, 11 трлн теңге бюджеті бар жобаның бірінші кезекті міндеті емес еді. Білім және ғылым министрлігі техникаға жетпестен бұрын:

  • «Педагог кәсібінің жоғары мәртебесін қамтамасыз ету, педагогикалық білім беруді жаңғырту»;
  • «Қалалық және ауылдық мектептердің, өңірлердің, оқу орындарының, білім алушылардың арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту»;
  • «Оқытудың қауіпсіз және жайлы ортасын қамтамасыз ету»;
  • «Үздік практикалар негізінде білім алушылардың, педагогтердің және білім беру ұйымдарының сапасын бағалаудың жаңартылған жүйесін енгізу»;
  • «Экономика қажеттіліктеріне және өңірлік ерекшеліктерге сәйкес оқытудың, кәсіптік даярлықтың сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз ету»;
  • «Білім алушының зияткерлік, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын қамтамасыз ету» деген алты міндетті орындап алмақ болған.

Бірақ пандемияның салдарынан Білім министрлігінің дәл қазіргі мақсаты – ұстаздарға, аз қамтылған отбасылардағы оқушыларға компьютер немесе планшет алып беру болып отыр.

Дәл қазір елімізде 7391 мектеп бар. Онда барлығы 3,3 млн оқушы білім алады. Оларға республика бойынша 347 мың ұстаз сабақ үйретеді. Ел бойынша жағдайы мүшкіл 2833 мектеп болса (барлығы дерлік шалғай ауылдарда), онда 195 мыңнан аса бала білім алады (айтпақшы, Білім министрі шалғай ауылдардағы мектеп оқушылары пандемияға қарамастан, сабақты мектепке барып оқиды деді. Мұның себебін министр бала санының аздығымен байланыстырып отыр. Біз келесі материалымызда мұның себебі расымен, бала санының аздығынан ба, әлде интернет пен техниканың жоқтығынан ба, соны анықтауға тырысамыз).

Осы оқушылар арасында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі мәлім еткендей, «қашықтан сабақ оқу үшін қолында ешқандай құрылғысы жоқ 185 мың бала бар».

«Үлкен тапшылық бар, оны ашық айтуымыз керек. Тек қана қолында ешқандай құрылғысы жоқ 185 мың бала бар. Әсіресе, көпбалалы, аз қамтылған және жетім балаларды қамту мәселесі өте өзекті. Сондықтан 1 қыркүйекке дейін балаларға кем дегенде, 500 мың компьютер техникасы таратылады. Оларды төртінші тоқсандағыдай балаларға мүлікті беру-тапсыру актілері арқылы таратамыз», - деді министр тамыз айының басында.

Әзірге әкімдіктер өзіне қарасты аймақтағы мектептердің балансында тұрған 170 113 компьютерді 154 мың бала мен 16 мың ұстазға уақытша пайдалануға берді. Ал БҒМ қосымша тағы 11 488 дана комьютер мен 17 378 интернет модем сатып алған.

«БӘРІБІР ЖЕТПЕЙДІ, КӨМЕК КЕРЕК»

Енді Білім және ғылым министрлігі оқу жылына жиырма күн қалғанда, 20 мың балаға техника алып берудің жолын іздестіріп, ауқатты адамдардан, қайырымды жандар мен еріктілерден көмек сұрады.

«Білім және ғылым министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Менің Атамекенім» қорғамдық бірлестігімен бірге «Мектепке жол» қоғамдық қозғалысы аясында «Оқушыны қолда» атты акция бастады. Акция демеушілердің, меценаттар мен еріктілердің ерікті көмегі есебінен қолдау мен көмекке аса мұқтаж білім алушыларға уақытша пайдалануға берілетін компьютерлер мен планшеттер, ноутбуктер сатып алуға бағытталған. Акция жекелеген санаттағы балалар мен отбасылардың жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізуін қамтамасыз етуді көздейді.

Біз барлық қазақстандықтардан және Қазақстан кәсіпорындарынан, компаниялар мен ұйымдардан акцияға қатысуын және балаларға қашықтан білім алуға көмектесуін  сұраймыз. Министрлік мектептерге мониторинг жүргізіп, оқушылардың техника алу кезегін жүргізу кезінде ескерілетін критерийлерді анықтады. Бірінші кезектегі көмек ерекше қажеттілігі бар балалар мен жетімдерге жасалады. Оқушыны қолдау акциясының аясында компьютерлік техника алуға өтініш беру үшін арнайы сайт ашылды. Осы балалардан кейін келесі отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсетіледі:

Бірінші – атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары;

Екінші – атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар;

Үшінші – ата-анасы мүгедек балалар;

Төртінші – көпбалалы отбасыдан шыққан, әкесі не анасы жоқ балалар», - деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есанғазы Иманғалиев.

Иманғалиев хабарлағандай, қайырымды адамдардан қаражат немесе техника жинап, балаларға тарату үшін 11 тамыз күні qoldau.edu.kz сайты пайда болған және ең алдымен көмек алатын 20 мың баланың тізімі осы сайтта бар.

«АКЦИЯ ӨТПЕЙ ҚАЛСА, ТЕК ҚУАНАР ЕДІМ. ФИЗИКАЛЫҚ МҮМКІНДІК ШЕКТЕУЛІ»

Біз жоба авторларымен хабарласып, 20 күн ішінде елдегі 20 мың баланы түгел техникамен қамту қаншалықты мүмкін екенін және осы 20 мың бала техника алған күннің өзінде, министр айтқан 185 мың баланың қалғаны көмекке үмітті бола ала ма деп сұрақ қойдық.

«Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің тең құрылтайшысы Ермек Дүйсенханов тіпті, меценаттардан 20 мың дана техника сатып алатын ақша жиналса да, оларды қыркүйектің біріне дейін түгелдей таратып біту мүмкін емес екенін мойындап отыр.

«Кеше біз «Оқушыны қолда» атты акция бастадық. Акцияның негізгі мақсаты – қашықтан білім алатын, бірақ қолында техникасы жоқ балаларға көмек беріп, меценаттар, қайырымды жандар мен еріктілерден түсетін ақша есебінен балаларға ноутбук, компьютер, планшет сияқты техника алып беру.

Алғашқы кезеңде осындай көмек қажет деп танылған 20 мың балаға көмек беруді көздеп отырмыз. Білім және ғылым министрлігі қалыптастыратын оқушылар базасын, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар, көпбалалы отбасылар, мүгедек балалар немесе ата-анасы мүгедек балалардың отбасылары туралы базасы бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасын талдап, біз шынымен техника қажет осы 20 мың баланың тізімін шығардық. Қазір сайтқа кірген ата-ана баласының жеке сәйкестендіру нөмірінің соңғы алты санын терсе, баласы көмек ала ала ма, жоқ па, көре алады. Ескере кететін жағдай, егер базада басқа облыстың мектебі көрсетілген болса, демек, сіздің балаңыздың бұл тізімде болмағаны.

Екінші мәселе – әрине, оқу жылына дейін небәрі жиырма шақты күн қалды. Оған дейін осы 20 мың баланы және көмек алғысы келген басқа да балалардың бәрін қамту физикалық тұрғыда мүмкін емес. Біз бұл жобаны тегін атқарып жатырмыз. Сондықтан, келген техникаларды немесе акцияға түскен ақшаға алынған техникаларды сатып алып, оны таратуға көмектесемін деген еріктілер болса, тек қана қуанамыз.

Енді сол мәселеге қайта оралсақ. Физикалық тұрғыда үлгермейтініміз былай тұрсын, осыншама техниканы дәл қазір сатып алу да мүмкін емес, яғни, нарықтан бір ретте осыншама техника сатып алу мүмкін емес. Оның үстіне, акция кеше, 11 тамызда басталды, меценаттар, кәсіпкерлер мен кәсіпорындар енді ғана біліп жатыр. Біз де бірлестік атынан акция туралы хабарлап, жан-жаққа хат жазып жатырмыз. Сондықтан бірден айту керек, біз оқу жылы басталғанға дейін бұл балалардың бәрін техникамен қамтып үлгермейміз.

Пандемия тоқтап, оқушылар сабағына оралса, бұл акцияның өтпей қалғанына тек қуанар едік. Тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемнің білім беру жүйесі қашықтан сабақ оқитын оқушылар мен ұстаздардың техникалық дайындығына келгенде қиындықтарға тап болып жатыр.

Қазір осы акцияға Білім және ғылым министрлігінің мамандары қызметкер ретінде емес, жеке тұлға ретінде де қолдау білдіріп жатыр. Кеше басталған акцияға әзірге Президенттің жастар резервінен 30 шақты ерікті көңіл бөліп, Нұр-Сұлтан қаласында техникаға мұқтаж 9 балаға планшет береді», - дейді Ермек Дүйсенханов

АЙМАҚТАР ЖАППАЙ ТЕХНИКА САТЫП АЛУҒА КӨШКЕН

Жыл сайын тамыздың соңғы жиырма күнінде баласына мектеп формасы мен құрал-жабдық іздеген ата-ана базарды қалай «басып алса», биыл аймақтардағы мектеп пен білім беру басқармалары «мемлекеттік сатып алу» сайтын солай сұранысқа толтырған. Бәрінің іздегені бір – компьютер. Сатып алу сайтынан бірнеше мысал келтірейік.

Мәселен, Павлодар қаласының №27 жалпы білім беретін мектебі бағдарламасы толық 14 дана компьютердің әрқайсысын 223 мың теңгеден сатып алуға дайын отыр. Конкурс ертең, 14 тамызда аяқталады. 14 компьютер үшін мектеп 3 млн теңгеден астам қаражат жұмсайды.

Ал кейбір мектептер, мәселен, Қарағандыдағы арнайы мектеп-лицей сияқты оқу орындары әлеуетті сатушыларды «таппаған» соң, бір көзден бір компьютерді 417 мың теңгеге сатып алады.

Нұр-Сұлтандағы №1 лицей де 7 млн теңгеге жуық қаражатқа 30 компьютер сатып алуға дайын отыр. Әзірге оқу орны компьютер жеткізуге дайын мекемелердің өтініштерін қарастырып жатыр.

Тізе берсе, оқу жылының қарсаңында миллиондаған қаражатқа жүздеген компьютер сатып алғысы келетін мектептердің саны көбейе береді.

Қарапайым ғана арифметикаға салсақ, Үкімет пен жергілікті әкімдер Білім министрі айтқан әлгі 185 мың баланы техникамен толық қамтамасыз етеміз десе, әр техника шамамен, 200 000 теңге болса, 37 млрд теңге қаражат керек екен. Ал білім беруді дамыту туралы бес жылға арналған бір мемлекеттік бағдарламаның бюджеті – 11 трлн теңге. Осылайша, бюджеті триллиондармен есептелген бұған дейінгі, қазіргі бағдарламалардың барлығы білім саласын тек «рухани» дамытып, техникалық базаны «ұмытып» отырған деген қорытынды жасауға болады.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары