Бұл туралы прокуратура хабарлады
Бүгін Абай облысы Көкпекті ауданының прокуратурасы ерекше режимде ұсталатын облыстық арнайы мектеп-интернаттың қызметінде қандай заң бұзылғанын хабарлады. Дереккөзге сүйенсек, қиын жасөспірімдерге арналған жабық мекеме он ай күзетсіз жұмыс істеп, камералардың жазбасын өшіріп тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Көкпекті ауданы Үлкен Бөкен ауылындағы бұл жабық мектеп-интернатқа девиантты мінез-құлқы бар немесе ерекше тәрбиелеу жағдайларын қажет ететін кәмелетке толмағандарды келіп жатады. Олар тек Абай облысынан емес, бүкіл Қазақстаннан келеді. Мектеп-интернат осындай балаларға негізгі және жалпы орта білім беру бағдарламалары бойынша сабақ беріп, қажет болса әлеуметтік-психологиялық оңалтудан өткізеді.
Күзет жоқ, қоршауы сынған, камералары жұмыс істемейді
Абай облысының прокуратурасы осындай жұмысы қиын мектеп-интернаттың қандай күйде екенін мәлімдеді.
«Мекеме 10 айдан астам уақыт бойы күзетсіз қалған, 33 бейнебақылау камерасының 9-ы істен шыққан, өрт дабылы мен дабыл түймесі жұмыс істемеген. Сонымен қатар, бейнебақылау жазбалары сақталмаған, ал қоршауы бүлініп қалған», - деп хабарлады Абай облысының прокуратурасы.
Бұдан басқа балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету және оларды қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз ету барысында кемшіліктер анықталған екен.
Есесіне, мекеме басшылығы өзіне негізсіз үстемақы алып, іссапарлары үшін де жалақысына ақша қосып алып отырған. Осы және басқа да заң бұзудың салдарынан балалардың оқуына деп бөлінген 11, 5 млн теңге «жоқ» болған.
Дәл қазір осы фактілер бойынша прокуратура қылмыстық емес, әкімшілік іс қозғаған көрінеді. Прокуратура Абай облысының білім басқармасына осы мәселені тексеруді тапсырған екен. Тексерудің басталып-басталмағаны әзірге белгісіз.