Халал косметика, халал сабын, халал паста: қазақстандықтар бұл стандарт үшін артық ақша төлеп жүрген жоқ па
Сарапшы тұтынушылардың халал өнімге сенім артып, ол үшін артық ақша төлеуге даяр екенін айтты
Халал стандарты бүгінде тек азық-түлікке қатысты ғана айтылатын ұғымнан асып кетті. Дүкеннен халал косметика, халал сусабын, халал сабын, халал тіс пастасы, халал иіс су сияқты талай тауарды табуға болады. Бір қызығы, қазір тауар иелері бұл белгіні тазалықтан гөрі, тұтынушының сеніміне ие болудың бір жолы ретінде пайдаланады. Бірақ сол «халал» белгісін бұл өнімдерге кім береді? Ал қаптамадағы «халал» деген жазу өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік бере ме? Оның басқа тауарлардан басты айырмашылығы неде? Сондай-ақ «халал» деген жазу үшін артық ақша төлеп жүрген жоқпыз ба? Azattyq Rýhy тілшісі маркетолог, химик-технолог және ҚМДБ өкілдерінен осы сұрақтарға жауап алды.
Халал өнімдерге сұраныс неге артты
Маркетология саласының тәжірибелі маманы Юлия Дмитриеваның айтуынша, халал өнімдерге қызығушылықтың артуын уақытша сәнге балауға болмайды. Бұл үрдіс бірнеше жылдан бері қалыптасып, тұтынушылардың тауар таңдау әдетіне әсер етіп келеді. Бұған жас буынның тұтыну мәдениеті, әлеуметтік желілердегі жарнама және халал өнімдердің бұрынғыдан қолжетімді әрі тартымды бола бастауы ықпал еткен.
«Маркетолог ретінде айтарым, жалпы бұл үрдістің қоғамда қалыптасқанына 25 жылдан асты. Осы уақыт ішінде ол біртіндеп, жүйелі түрде дамып, біздің қоғамға еніп келеді. Тек біз оны байқамағанбыз. Соңғы уақытта ғана жиілеп кеткендей көрініп отыр. Әйтпесе ол бұған дейін де болған және солай болып қалуы да мүмкін», – дейді Юлия Дмитриева.
Сарапшы тұтынушылардың халал өнімге сенім артып, артық ақша төлеуге даяр екенін де айтта кетті. Бірақ оны діни ұстаныммен байланыстыруды жөн санамайды. Оның пікірінше, осылайша тұтынушылар тауардың сапасына қатысты күмән тудырмайды.
«Біз тауар сатып алғанда үнемі оның шыққан жеріне, компаниясына назар аударамыз. Тура сол сияқты тұтынушылар халал өніміне ақшасына қарамастан сатып алады. Басқаша айтқанда, күмәнданбау үшін ақы төлейді. Алаңдаушылықтан арылып, жан тыныштығын сатып алу десек те болады», - деді.
Маман әлеуметтік желілер де бұл сұраныстың қалыптасуына әсер ететінін айтады. Ол мысал ретінде нарықта оның кең таралуына халал косметика мен киім үлгілерін жарнамалайтын блогерлердің ықпалына тоқтала кетті.
Осы тұста «халал» және «табиғи» деген жазуларды пайдаланып, өнімді негізсіз қымбаттату қаупі де бар екенін ескерте кетті. Юлия Дмитриеваның пікірінше, мұндай белгілер тұтынушының назарын аударғанымен, өнімнің сапасын өздігінен дәлелдей алмайды.
Халал косметиканың кәдімгі косметикадан айырмашылығы неде
Ал, «халал» сөзі өнімнің сапасын қаншалықты айқындап беретінін анықтап көру үшін ғалым, химик-технолог Жанар Айменовамен тілдесіп, біз айтып жүрген «халал» өнімдердің құрамы мен сапасына көз жүгірттік.
Ең алдымен, соңғы кездері құлағымызға жауыр болған жаңа тенденция халал косметикалар өнімінің ерекшелігін анықтап көрдік. Бастысы – ингредиенттер мен талаптардың сақталу-сақталмауында екен.
Жанар Айменованың айтуынша, косметикалардың құрамында глицерин, коллаген, желатин, ланолин және май қышқылдары сияқты жануар текті шикізаттан алынуы мүмкін компоненттер кездеседі. Мысалы, глицерин өсімдік майынан да, жануар майынан да алынады. Ал коллаген мен желатиннің шығу тегі жануардың түріне байланысты болуы мүмкін. Сондықтан бір ингредиенттің атауы оның халал немесе халал емес екенін бірден анықтауға аздық ететін көрінеді.
«Халал косметиканың әдеттегі косметикадан айырмашылығы – басқа химиясында емес. Айырмашылық ингредиенттердің шығу тегіне, өндіріс процесіне, қауіпсіздікке және этика мен жауапкершілікке байланысты. Бір химиялық заттың өзі қайдан алынғанына және қалай өндірілгеніне қарай әртүрлі мәртебеге ие болуы мүмкін. Бізде INCI тізіміндегі бірқатар өнім түрлеріне шектеу бар. Бұл – косметика қаптамасында жазылатын ингредиенттердің халықаралық атаулары. Ол өнімнің құрамында қандай заттар барын көрсеткенімен, сол заттың қандай шикізаттан алынғанын үнемі ашып бермейді. Мысалы, Glycerin деген жазу оның өсімдік майынан немесе жануар майынан алынғанын көрсетпейді. Collagen мен Gelatin атаулары да жануардың қай түрінен алынғанын ашпайды. Сондықтан ингредиенттер тізіміне қарап қана өнімнің халал екенін нақты айту мүмкін емес. Ол тек алдын ала тексеруге көмектеседі», – дейді химик-технолог.
Демек, тұтынушыға тек қаптамадағы құрамды оқу аздық етеді. Күмәнді ингредиенттердің шығу тегін өндірушіден сұрап, оны растайтын құжаттарды тексеру қажет.
Спирт болса, косметика халал болмай ма
Жанар Айменованың айтуынша, косметика таңдағанда спирттен бас тартатын тұтынушылар да бар. Алайда спирттің барлық түрін бірдей қарастыруға болмайды. Мәселен, этил спирті мен косметика өндірісінде қолданылатын цетил немесе стеарил спирті – құрамы мен қызметі жағынан әртүрлі заттар.
ҚМДБ өкілдері де бұл мәселеде спирттің атауымен қатар оның шығу тегі мен қолданылу мақсаты ескерілетінін түсіндірді.
«Спирт атауы барлық жағдайда бір үкімді білдірмейді. Этил спиртінің шығу тегі, қолданылу мақсаты, өнім түрі және қолданыстағы пәтуа ескеріледі. Ал цетил, стеарил сияқты майлы спирттерді этанолмен шатастыруға болмайды. Сондықтан косметика құрамында спирт деген сөздің болуы өнімді автоматты түрде халал емес деп тануға негіз болмайды», – деп түсіндірді діни басқарма өкілдері.
Яғни өнім құрамында спирттің бар-жоғын ғана емес, оның нақты түрі мен қайдан алынғанын анықтау қажет. Бұл ретте соңғы қорытындыны сертификаттау талаптары мен діни нормаларға сәйкес қарастырған жөн.
Халал сертификаты сапа мен қауіпсіздікке кепілдік бере ме
Халал белгісін кейбір тұтынушылар өнімнің таза, сапалы әрі денсаулыққа зияны жоқ екенін білдіретін таңба ретінде қабылдайды. Алайда мамандар бұл түсініктің дұрыс еместігін айтады. Өнімнің діни талаптарға сәйкестігі мен оның санитариялық қауіпсіздігі – екі бөлек мәселе.
«Халал сертификаты – өнімнің сапасы немесе қауіпсіздігіне берілетін кепілдік емес. Ол өнімнің белгілі бір талаптарға сәйкестігін растайды. Ал косметиканың қауіпсіздігі техникалық регламенттер мен санитариялық талаптар арқылы бағаланады. Сондықтан кейбір тұтынушылар ойлағандай халал өнім аллергия тудырмайды немесе кез келген адамның терісіне пайдалы деген түсінік дұрыс емес», – дейді Жанар Айменова.
ҚМДБ өкілдері де халал белгісінің мағынасын тек сапа өлшемімен шектеуге болмайтынын атап өтті. Оның негізгі міндеті – өнімнің құрамына, шикізат көзіне және өндіріс процесіне қатысты діни талаптардың сақталғанын растау.
«Халал деген белгі тауардың сапасы немесе емдік әсері өзге өнімнен міндетті түрде жоғары дегенді білдірмейді. Бұл – өнімнің шариғат талаптарына сәйкестігін білдіретін белгі. Сонымен бірге сертификаттың болмауы өнімнің харам екенін автоматты түрде білдірмейді. Мұндай қорытынды жасау үшін оның құрамы мен өндіріс ерекшеліктерін қарастыру керек», – деп түсіндірді ҚМДБ өкілдері.
«Халал» сертификатын кім береді
Қазақстанда халал сертификаттау және стандарттау қызметімен «Халал Даму» орталығы айналысады. ҚМДБ өкілдерінің мәліметінше, «халал» белгісі бірыңғай мемлекеттік рұқсат белгісі емес.
Сертификаттау кезінде тек дайын өнімнің құрамы ғана қаралмайды. Шикізаттың жеткізушісі, өндіріс орны, сақтау және тасымалдау тәртібі, сондай-ақ өндірісте тыйым салынған заттармен араласу қаупі де ескеріледі.
«Қаптамадағы «халал» сөзі өздігінен тәуелсіз тексеруден өткенін дәлелдемейді. Тұтынушы сертификатты берген ұйымды, құжаттың жарамдылық мерзімін, өндірушіні, өндіріс мекенжайын және сертификат қамтитын өнімдер тізімін салыстыруы керек. Егер QR-код болса, оның қайда бағыттайтынын да тексерген жөн», – деп кеңес берді ҚМДБ өкілдері.
Химик-технолог Жанар Айменова өзінің көпжылдық тәжірибесіне сүйене отырып, дайын өнімді зертханада тексеру оның халал екенін толық дәлелдей алмайтынын айтады. Мәселен, белгілі бір сынақ шошқа ДНҚ-сын анықтауға бағытталса, ол өнімдегі басқа жануар текті компоненттердің қайдан алынғанын немесе жануардың діни талапқа сай сойылғанын көрсете алмайды.
«Зертханада жұмыс істейтін маман ретінде айтарым, зертханалық әдістер заттың құрамын және қосындысын анықтап бере алады. Алайда мысалы, шошқа ДНҚ-сын анықтайтын тест басқа жануар майының шығу тегін немесе оның қалай алынғанын көрсете алмайды. Сондықтан дайын өнімге жасалған бір ғана зертханалық сынақ аздық етеді. Тауардың құжаттарын, жеткізушілерді, өндіріс желісін және бүкіл процесті бақылау қажет», – деп ескертеді маман.
Халал өнім неге қымбат тұрады
Халал өнімнің бағасы кейде өзге тауарлардан жоғары болады. ҚМДБ өкілдері мұны шикізаттың шығу тегін бақылау, арнайы аудит, зертханалық сынақтар, өндіріс орындарын бөлу және құжаттандыру сияқты қосымша шығындармен түсіндіреді. Дегенмен бағаның айырмасын тек діни талаптармен байланыстыруға болмайды. Оған бренд, қаптама, логистика, өндіріс көлемі мен сауда үстемесі де әсер етеді.
Маркетолог Юлия Дмитриева халал белгісін тауарды қымбат сатудың амалына айналдыруға болмайтынын ескертеді. Оның айтуынша, тұтынушы өнімнің бағасына емес, нақты құндылығына мән беруі керек.
«Халал белгісінің өзі өнімді автоматты түрде премиум санатқа айналдырмайды. Кәсіпкер үшін нарықта мүмкіндік бар, бірақ тек «халал» деген жазудың болуы жеткіліксіз. Өнімнің сапасы, бағасы, дұрыс позициялануы және тұтынушыға ұсынатын нақты артықшылығы болуы керек. Егер өнімнің сапасы мен құндылығы дәлелденбесе, белгі үшін ғана жоғары баға қою нәтиже бермейді», – дейді сарапшы.
Халал – сенім бе, әлде маркетинг пе
Жанар Айменова халал талаптары косметика мен тұрмыстық заттарға ғана емес, дәрі-дәрмекке де қатысты екенін айта кетті. Өйткені препараттың құрамындағы белсенді заттан бөлек, түрлі қоспалар кездесіп жатады. Ал ҚМДБ өкілдерінің түсіндіруінше, дәрінің халал талаптарына сәйкестігін анықтау кезінде оның бүкіл өндіріс барысы тексеріледі.
«Фармацевтикада дәрінің белсенді заты ғана емес, капсула қабығы, желатин, глицерин, стеараттар, ферменттер, қосалқы заттар, өндірістік орта және олардың шығу тегі бағаланады. Дәрінің халал сәйкестігін тиісті құзыреті бар сертификаттау ұйымы құжаттар, аудит және қажет болған жағдайда зертханалық талдау арқылы анықтайды. Ал дәрінің сапасы, қауіпсіздігі мен тиімділігі мемлекеттік реттеу жүйесінің бөлек құзыретіне жатады», – деп түсіндірді ҚМДБ өкілдері.
Сонымен қатар діни талаптарға қатысты күмән туындаған жағдайда пациент дәрі қабылдауды өз бетінше тоқтатпауы керек. Әсіресе өмірді сақтау немесе медициналық қажеттілік кезінде дәрігердің қорытындысы мен балама препараттың бар-жоғы ескеріледі. Сондықтан мұндай жағдайда алдымен емдеуші дәрігермен, қажет болса білікті дін маманымен кеңескен жөн екенін айтады.
Сарапшылардың пікірінше, халал өнімдерге сұраныстың өсуі өндірушілер үшін жаңа нарық қалыптастырып отыр. Бірақ бұл бағытта тұтынушы сенімін коммерциялық мақсатта пайдаланудың да қаупі бар екенін ескерген жөн. Бір жағынан, адам өз діни ұстанымына сай тауар таңдауға құқылы. Екінші жағынан, өндіруші сол таңдауға әсер ететін белгіні қолданса, оның шынайылығына жауап беруі керек.
Юлия Дмитриева халал өнім өндіруді бизнес үшін мүмкіндік деп бағалайды. Алайда табысқа жету үшін діни таңбадан бөлек, сапалы өнім мен дұрыс стратегия қажет екенін айтады. ҚМДБ өкілдері де халал белгісін пайдаланудың басты шарты – оның артында нақты талаптар мен тексеру болуы керегін атап өтті.
Осылайша, халал ұғымы діни талап шеңберінен шығып, тұтыну мәдениеті мен нарықтың бір бөлігіне айналып келеді. Бірақ қаптамадағы жазу мен нақты сертификаттың арасында айырмашылық бар. Тұтынушы үшін де, өндіруші үшін де ең маңыздысы – сол белгінің шынайылығы.
