Әлеуметтік желідегі әдеп қайда кеткен: TikTok үш айда Қазақстандағы 1,3 млн видеоны неге өшірді

Автор: Тәжібай Әлия

Ал әлем бойынша  188 миллионнан астам контент жойылған

Фото: ЖИ арқылы жасалды

Жеке өмірді жария ету, отбасылық дауды жұрт талқысына салу, арандату мен әдепсіздік. Әлеуметтік желіні ашсаңыз, осындай дау тудыратын видеолардан көз сүрінеді. Өйткені бұл көп қаралым жинаудың оңай жолы. Алайда шектен шыққан авторлардың өнімі платформаның ережесіне қайшы келсе, әп-сәтте жойылады. Мәселен, TikTok жариялаған есепке сүйенсек, биыл үш айдың ішінде Қазақстанда 1 375 411 видео жойылған. Сонда 1,3 миллионнан астам бейнежазбаның жойылуына не себеп? Неге пайдалы контентке қарағанда жанжал мен арандату өтімдірек? Azattyq Rýhy тілшісі сарапшылармен сөйлесіп, талдап көрді.

Кейінгі үш тоқсанда талапқа сай емес контенттің саны артқан

Мәселен, өткен жылдың соңында платформа 1 138 303 видео жойса, 2026 жылдың алғашқы үш айында бұл көрсеткіш 1 284 369-ға жеткен. Ал сәуір-маусым аралығында өшірілген видеолар саны 1 375 411 видеоға жеткен. Расымен де бұл платформаның ауқымын көрсетеді. Бірақ миллиондаған видеоны әп-сәтте өшіргенімен, әлеуметтік желідегі сапасыз контенттің мәселесесі лезде реттеле қоймас.

Енді мына сандарға қараңыз, жылдың басында «қуғынға ұшыраған» миллиондаған видеоның ішінен кей контент қайта қаралып, 77 мыңнан астамы талапқа сай екені анықталды. Ал одан кейінгі айларда қайтадан қалпына келтірілген видеоның саны 55 мыңға ғана жеткен.

Неге жанжал мен ұрыс-керіске толы жазбаларға сұраныс жоғары

Мұның жауабын медиасарапшы Алма Сайлауқызы адам психологиясымен байланыстырады. Оның айтуынша, әдеттегі ақпараттан гөрі эмоцияға толы оқиғалар адамның назарын бірден өзіне аударады.

«Адам психологиясы негізінен махаббат, қылмыс, тәуелділік және бала тақырыбына сезімтал келеді. Күнделікті ақпарат пен үйреншікті тақырыптар аса елең еткізбей, жеткілікті дәрежеде қызықтыра қоймауы мүмкін. Ал алаулатқан-жалаулатқан тақырып кімнің болсын назарын оңай аудартады», – дейді ол.

Шынында да, өзгенің жанжалдасқан көрген адам видеоға пікір жазады немесе міндетті түрде досына жібереді.

Медиасарапшының пікірінше, кейінгі жылдары көп қаралым жинауды көздейтін сарыжағал парақшалар, блогерлер аудиторияны бірден елең еткізетін кликбейт тақырыптарды жиі қолдана бастаған.

«Бірінен бірі асып түскісі келетіндер кликбейт пен хук-тақырып ұсынуын үдетіп, бүкіл этика мен адамгершілік нормаларын таптап жатыр. Ол – алаңдататын жайт. Кәсіби журналистердің үні әлсіреген, ал «атың шықпаса жер өрте» принципін ту еткендердің дәурені жүріп-ақ тұр», – дейді Алма Сайлауқызы.

Ол мұндай контенттің көптігіне алаңдайтынын айтып, сапасыз ақпараттың қоғамдық сана мен ұлттық мәдениетке кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Дегенмен контентті реттеу кезінде лас дүниелер мен сөз бостандығының ара-жігін ажырату аса маңызды екенін де атап өтті.

«Әлем бойынша әлеуметтік медиаконтенттің сапасына көңіл бөлу күшейіп келе жатыр. Түрлі заңнамалық актілер жаңарып, күшейтілуде. Ал Қазақстанның TikTok-қа қатысты кейсін алар болсақ, салыстырмалы түрде оның ала-құла, мәдениеті төмендеу контентке толы екені жасырын емес. Әсіресе бейәдеп видеолар бойынша «алдына жан салмай тұрғанына» қарап, контентті реттеу шарасының қолға алынғаны қуантады. Алайда лас контент пен сөз бостандығының аражігін ажырата білу де аса маңызды», – дейді ол.

Әдеп пен жауапкершілік болу керек

Ал жеке брендін қалыптастырған, аудиториясы бар мамандар не ойлайды? Осы орайда Айдана Хабиеваның пікірін тыңдадық. Ол да жанжал мен жеке өмірге қатысты видеолардың, өкінішке қарай, көп қаралым мен пікір жинайтынын айтады.

«Кейбір контент авторлары үшін негізгі мақсат – қаралым жинау, жазылушылар саны мен танымалдылығын арттыру. Сол мақсатта әдейі дау тудырып, қоғамның назарын аударатын әрекеттер жасайтындар бар», – дейді ол.

Ал сәл қазбаласақ, мұның артында үлкен пайда бар. Айдана Маратқызының айтуынша, қаралымың көп болса, белсенділік те жоғары болса, түрлі ұсыныс түсіп, жаңа мүмкіндіктерге есік ашылады. Міне, дәл осы мақсатта кей блогерлер түрлі тәсілге жүгінеді.

Сонымен қатар ол барлығының да шегі болуы тиіс екенін жеткізді.

«Өзге адамның жеке шекарасы мен қоғамның құндылықтарын да ескерген жөн. Өйткені бір сәт үшін ғана жасалған әрекет автордың беделіне де, аудиторияның көзқарасына да әсер етеді.Ал пайдалы контент жасау үлкен еңбек пен ізденісті қажет етеді. Алайда мұндай еңбектің бағасы кейде жиналған қаралыммен өлшеніп, лайықты назардан тыс қалып жатады», – дейді ол.

Жастар мен жасөспірімдер TikTok-тағы контентті жиі қарайды. Сондықтан Айдана Хабиева әлеуметтік желідегі авторлардың осыны ескеруі керегін айтады.

«Әлеуметтік желі – баршаға ортақ және ашық ақпараттық алаң. Демек, онда еркін пікір білдірумен қатар, белгілі бір әдеп пен жауапкершілік те сақталуы тиіс. Негізі  көп оқырманың болуды үлкен жетістік деп айта алмаймын, ең бастысы өз аудиторияңа қаншалықты пайдалы бола алғаныңда. Блогер ұстаз немесе тәрбие беретін адам болуы керек деген ойдан аулақпын. Дегенмен, өзінің мүмкіндігі мен аудиториясын ескере отырып, қоғамға пайдалы дүниелерді насихаттауға, жастардың дұрыс бағытта қалыптасуына аз да болса үлес қосуға болады», – дейді ол.

Жүйкеңіз жұқарып, ашушаң болғыңыз келмесе...

Қандай  контенттің көп қаралым жинап, оны жасайтындардың бұл әрекетке не үшін баратынын  сәл болса да түсіндік. Ал көрерменнің психологиясына үңілу үшін жасөспірімдер мен ересектер психологы Жания Бисеновамен байланысқа шықтық. Айтуынша, әлеуметтік желідегі жанжал мен жұрттың көз алдындағы айтыс-тартыс бұл бір секундта миға от беретін арзан энергетик. Өзгенің сәтсіздігін, сүрінгені мен жолы болмағанын көргенде адам саналы немесе бейсаналы түрде қуанады.

«Адамдар көбіне өзіндегі мәселені шешудің орнына бөгде біреудің оқыс оқиғасын, қиындығын бақылап, оларға пікір жазып, өз назарын сыртқа аударады. Бірақ өзгенің кемшілігін сөз ету оған уақытша жеңілдік сыйлағанымен, жеке мәселесін шешуге көмектеспейді», – деді Жания Бисенова.

Бірақ осындай сарындағы контентке байланған адам уақыт өте келе жүйке жүйесі қажып, ашушаң, мазасыз болуы мүмкін. Психолог мұндай жағдайда депрессияға бейімділік те артуы мүмкін екенін айтады. Тағы бір мәселе бар. Виртуалды әлемдегі мінез-құлық кейін бойыңызға сіңеді.

«Желіде өзгелермен дөрекі сөйлесуге, кез келген пікірге жанжалмен жауап беруге дағдыланған адам мұны отбасында, жұмыста немесе қоғамдық ортада да қайталауы мүмкін. Соның салдарынан өзара сыйластық әлсіреп, болмашы келіспеушіліктің өзі дауға ұласады», –  деп түсіндірді психолог.

Әлемдегі ахуал қалай

Әлем бойынша  жойылған 188 298 141 видеоны платформа бірнеше санатқа бөлген. Солардың бірнешеуіне зер салсақ, ең үлкен үлес тауар, қызмет пен коммерциялық әрекеттерге қатысты контентке тиесілі болып шықты. Бұл санат бойынша 62 591 438 видео жойылған.Одан кейін сексуалды сипаттағы әрекеттерге қатысты 27 778 694 видео, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп талаптарын бұзған 27 506 683 видео өшірілген. Ал қауіпті челлендждерді насихаттаған 27 180 921 материал платформадан жойылған. Балалардың қауіпсіздігіне қатысты көрсеткіш те алаңдатады. Жасөспірімдерге қатысты сексуалдық және физикалық зорлық-зомбылық сипатындағы 17 321 861 видео өшірілген. Бұдан бөлек, жануарларға қатыгездік көрсетуге қатысты 6 579 082 видео жойылған.

Ал өзге елдердегі сандар не дейді? Мәселен, Вьетнамда 7,5 миллион, Иракта 4,7 миллион, Бразилияда шамамен 3,7 миллион, Сауд Арабиясында 3,2 миллион, Германияда 2,6 миллион, Таиландта 3 миллионға жуық видео өшірілген. Италияда бұл көрсеткіш 2 миллионнан, Францияда 1 686 850-ден асқан. Ал Аргентинада 1 178 206, Канадада 969 611, Ауғанстанда 548 780, Оңтүстік Кореяда 267 641 видео жойылған.

Орталық Азия елдерімен салыстырғанда Қазақстанның көрсеткіші жоғары. Есептік кезеңде елімізде 1 375 411 видео өшірілсе, Өзбекстанда 111 337, Тәжікстанда 82 мың видео платформадан алынған. Ал Моңғолияда 52 210 видео жойылған. Албанияда 106 219, Жаңа Зеландияда 95 мың видео өшірілген.