$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.08.2020, 13:57
Қоғам

«Jas Otan» волонтерлердің пандемия кезінде атқарған жұмысының есебін берді

Жиын барысында «Жастар – Отанға!» бағдарламасы талқыланды

«Jas Otan» волонтерлердің пандемия кезінде атқарған жұмысының есебін берді

12 тамыз «Nur Otan» партиясының орталық аппаратында «Жастарды қолдау» бағыты бойынша отырыс өтті. Отырыс барысында қатысушылар пандемия кезеңіндегі волонтерлік қызмет пен «Jas Otan» жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын талқылады.

Отырыс барысында «Jas Otan» ЖҚ жетекшісі Елнұр Бейсенбаев жасотандық волонтерлердің атқарған жұмысы туралы айтып берді.

«Пандемия кезінде «Біз Біргеміз!» акциясына 5 000-нан астам волонтерлер мен мейірімді қазақстандықтар қатысып, 250 мың мұқтаж жандарға азық-түлік себетін және гигиеналық құралдарды, сонымен қатар 5 миллион медициналық маска үлестірді. Сонымен қатар, ТЖ режимі уақытында 3000 қарт адамдар күнделікті ыстық тағаммен қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, дәрігерлерді қолдау мақсатында «Дәрігерлерге мың алғыс» республикалық акциясы ұйымдастырылған болатын. Іс-шара барысында 6 900-дан астам медицина қызметкерлері және 100-ден астам аурухана қамтылды», - деп атап өтті «Jas Otan» жетекшісі.

Сондай-ақ жастар жиын барысында волонтерлік қызмет туралы заң жобасының кейбір кемшін мәселелерін талқылап, өз ұсыныстарын білдірді. Одан бөлек, «Jas Otan» «Жастар – Отанға!» бағдарлама жобасын көпшілік назарына талқылауға ұсынды.

Бағдарлама жобасында әрбір жас қазақстандықтың өміріне қатысты жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, сапалы білім, азаматтық белсенділік және тұлғалық даму сынды негізгі мәселелер көрініс тапты.

«Бағдарламаны іске асыру мақсатында қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін шаралар кешені мен нақты индикаторлары бар өңірлік жол карталары қабылданатын болады. Сондай-ақ, бағдарламаны іске асыру мақсатында партияның жас өкілдерін ҚР Парламенті Мәжілісінде және барлық деңгейдегі мәслихаттарда нақты тетіктермен қамтамасыз ету үшін жастарға бөлінген 20% квота негізінде партияішілік праймеризде іріктеу арқылы белсенді және талантты жас қазақстандықтардың пулы құрылатын болады», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов «Волонтер жылы» және короновирус пандемиясы кезіндегі волонтерлік жобаларды іске асыру және қаражатты пайдаланудың тиімділігі туралы баяндама жасап, жастар тарапынан айтылған сын-ескертпелерді назарға алатынын мәлім етті.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары