«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында депутаттар үш заң жобасын әзірледі
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасында 158 іс-шара қарастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжатты Құрылтайда өткен алғашқы Үкімет сағатында вице-спикер Динара Зәкиева таныстырды.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы балалардың құқықтарын қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және қауіпсіздік салаларын қамтиды. Құрылтай вице-спикері Динара Зәкиеваның айтуынша, тұжырымдамада 158 іс-шара қарастырылған. Оны әзірлеу кезінде 70-тен астам жүйелі мәселе анықталған.
«Тұжырымдамада баланың бірыңғай цифрлық маршрутын енгізу, ата-аналарды қолдау және олардың жауапкершілігін арттыру, балалар ауруханаларын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, ауылдық жерлерде қосымша білім беру инфрақұрылымын дамыту қарастырылған. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 111 ұйымның 44-іне күрделі жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, тұжырымдама аясында Құрылтай депутаттары үш заң жобасын әзірледі», – деді Динара Закиева.
Оның айтуынша, бүгінде барлық өңірде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары ашылып, осы сала қызметкерлерінің мәртебесі заң жүзінде бекітілген.
«Ендігі басты міндет – енгізілген тетіктерді жетілдіру және қабылданған барлық заң мен бағдарламаның сапалы орындалуын қамтамасыз ету. Ең бастысы, қолға алынған шаралардың нәтижесі әр баланың өмірінен көрініс табуы керек», – деп түйіндеді вице-спикер.