«Нағыз қыс әлі алда»: Бектенов үкіметте ескі пеш пен мұржалар туралы сөз қозғады
Премьер-министр көп өрт қарапайым қауіпсіздікті сақтамағаннан болады дейді
Бүгін үкіметте жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігіне қатысты мәселені қараған премьер-министр Олжас Бектенов ескі пеш пен тазаланбаған мұржаның өзі көп қауіп төндіретінін айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қыс түсе сала Қазақстанда өрт көбейетінін мойындаған премьер оның ауыр салдарынан бөлек, көп қайталанатын себептері бар дейді.
«Жыл сайын жылу беру кезеңінде өрт қаупі арта түседі. Тұрғындар пеш жағып, түрлі жылыту құралдарын пайдаланады. Алайда көп жағдайда өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтауға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Профилактика жасалғанымен, қауіпсіздік мәселелеріне қатысты тұрғындардың жеке жауапкершілік деңгейі артпай отыр. Суық түсе қайғылы жағдайларға әкеп соғатын өрт саны көбейеді», - деді премьер.
Бектенов былтыр да мұндай оқиға аз болмағанын, үйлер өртеніп, адамдар жараланғанын айтты. Дегенмен, былтыр жер үйдегі өрт саны 12 пайыз азайған екен. Үкімет басшысы статистика жақсарғанымен, профилактиканы тоқтатуға болмайды дейді.
«Өйткені, жылу беру маусымы енді басталды. Күз біршама жылы болғанымен, нағыз суық күндер әлі алда. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігін айтып, профилактиканы күшейту керек», - дейді Бектенов.
Ал осы алдын алу шарасы ретінде Бектенов халықтың осал тобына жататын адамдарға тегін датчик орнату жұмысын күшейту керек дейді. Және тағы да адамдардың өзі де жауапкершілікті сезініп, пешін жөндеп, мұржасын тазалағаны абзал деп санайды ол.
«Өткен жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, өрттердің басым бөлігі жөндеу көрмеген пештерден, дер кезінде тазартылмаған мұржалардан және тозығы жеткен электр сымдарынан туындайды. Кей жағдайда электр желілері мен газбен жабдықтау көздеріне рұқсатсыз қосылу да төтенше жағдайларға әкеп соғады. Әсіресе, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының баспаналарына ерекше назар аудару қажет», - деді Бектенов.