Үй саламын деп елден 4 млрд теңге жинап алған, Ақтөбедегі жантүршігерлік жағдай: демалыс күндері ел назарын аударған оқиғалар

Автор: Асыл Арман

Өткен демалыс күндері ел назарын аударған бірқатар оқиға болды

Фото: ІІМ/Видеодан скрин

Елімізде өткен демалыс күндері қоғам назарын аударған бірнеше оқиға болды. Мәселен, Астанада мектеп мұғалімі жиналыстан кейін ауруханаға түссе, Маңғыстауда ер адам дәрігерді жағасынан алды. Сол сияқты 4 млрд теңгеден астам қаржы жымқырған күдікті ұсталып, Ақтөбеде жасөспірімді зорлаған ер адам ұзақ жылға сотталды. Azattyq Rýhy тілшісі демалыс күндері болған оқиғаларға шолу жасап, топтастырды.

4 млрд теңге жымқырған. Шымкентте әлемдік деңгейде іздеуге жүрген 45 жастағы ер адам ақыры ұсталып тынды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол біраз уақыт жалдамалы пәтерлерді жиі ауыстырып, полицейлерден сытылып кетіп жүрген.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, ол бір топ сыбайласымен келісім жасап, қазақстандықтарды алдап кеткен. Астанада бүтін бір тұрғын үй кешенін саламыз деп, елдің сеніміне кіріп алып, ақшаларын жинап алған. Ал шын мәнінде тұрғын үй кешенінің құрылысын тиісті құжаттарсыз, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алмай жатып, бастап кеткен.

Соның салдарынан баспаналы боламыз деп жүрген 292 адам далада қалды. Басты күдікті қарапайым халықтың 4 млрд теңгеден аса ақшасын сыпырып алған болып шықты. Осыдан кейін басты күдіктіге қатысты халықаралық деңгейде іздеу жарияланған. Шымкентте қолға түскен ол қазір тергеу изоляторына қамалды. Іске қатысты тергеу жүріп жатыр.

Ұстаз мектептегі жиыннан кейін ауруханаға түсті. Астана қаласындағы №99 мектепте жиналыс барысында бастауыш сынып ұстазының жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түсті. Оқиғаға қатысты ақпарат әлеуметтік желіде жарияланды.

Желідегі жазбаға сүйенсек, әдістемелік бірлестік отырысы кезінде бірлестік басшысы ұстазға дауыс көтеріп, «Ұнамаса, шығып кете аласыз» деген.

«Бұл оқиға ұстаздың әріптестерінің көз алдында болған. Осы жағдайдан соң оның денсаулығы күрт нашарлап, жедел жәрдем мамандары көмек көрсету үшін мектептен алып кеткен. Мұғалімдерге мұндай қарым-қатынас жасауға болмайды», – деп жазды әлеуметтік желіде жарияланған жазбада.


Фото: Instagram/zhaloby__astana

Бұл оқиға қалалық Білім басқармасының назарынан тыс қалған жоқ. Ведомство әдістемелік кеңесте білім сапасына қатысты мәселелер көтеріліп, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетілгенін мәлім етті.

«Әдістемелік кеңес барысында мұғалімдердің бірі өзін жайсыз сезінетінін жеткізді. Осы себепті мектептің әдістемелік бірлестік жетекшісі оған бөлмеден шығып, демалуды ұсынды», – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Вакцинасы жоқ індеттен 5 мыңнан аса адам көз жұмды. Конго елінде эбола індеті өршіп тұр. Биыл мамыр айының басынан бері 10 мыңға жуық адам осы дертке шалдықса, олардың жартысынан астамы қырылып қалған. 

Бұдан бөлек, індетті ауыздықтауға дәрігерлерге жасалған шабуылдар кедергі келтіріп отыр. Соңғы бір аптаның ішінде ақхалатты мамандарға бір топ жас жігіт шабуыл жасап, бір дәрігер көз жұмған, тағы біреуі жараланған. Медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылға індетке байланысты тараған жалған ақпараттар себеп болған. Ел билігі осындай ресми мәлімдеме жасады.


Фото: AFP

Sky News басылымына сүйенсек, Конгоның 8 провинциясында жағдай қиындап тұр. Сол сияқты Кения, Уганда және Нигерия елдерінде де безгек жұқтырғандар бар көрінеді. Қазіргі уақытта бұл індетке қарсы нақты вакцина да, арнайы емдеу әдісі де жоқ.

Дәрігерге шабуыл. Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында қабылдауға келген ер адам балалар хирургына тап беріп, жағасынан алған. 

Оқиға дәрігердің баланы қабылдап, әкесіне жағдайды түсіндіріп жатқанынан басталған. Белгілі болғандай, дәрігер баланы тексеруден өткізген соң әкесіне оны ауруханаға жатқызудың еш себебі жоқ екенін түсіндірмек болған. Бірақ дәрігердің бұл шешіміне қарсы шыққан ер адам үстелді теуіп, дәрігердің мойнына ұмтылды.


Фото: Lada.kz

Осы оқиғаға байланысты Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазір осы тергеу жүріп жатыр.

15 жастағы қыз баланы зорлап кеткен. Ақтөбе облысында қарындасының 15 жастағы құрбысын зорлап кеткен ер адам сот үкімімен 15 жылға сотталып тынды. Сотта айтылған мәліметтерге назар аударсақ, екі отбасы көрші болып, жақсы араласып жүрген.


Фото: istockphoto.com

Ер адам айуандық ойын орындаған соң «өлтіремін деп» қорқытқан. Соның салдарынан жасөспірім қыз бала туыстарына айтудан қорқып жүрген. Алайда көп ұзамай туыстары жағдайдан хабардар болған соң, бей-жай қалдырмай, істі сотқа жеткізеді.