«Әділет» партиясы заңнаманы қайта қарайды: қазақ тіліндегі заң мәтіндеріне ревизия жасалады
«Әділет» партиясы жаңа жобаны қолға алды
Елімізде қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкестендіріп, қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің сапасы мен құқықтық терминологияны қайта қарау жоспарланып отыр. Бұл жұмысты «Әділет» партиясы жанындағы «Әділетті орта» үйлестіру-талдау орталығы қолға алды. Орталықтың алғашқы отырысында заңнаманы кешенді ревизиялау, азаматтардың құқықтық мәселелерін жергілікті жерде шешу және этномедиацияны дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қолданыстағы заңнамаға ревизия: өзекті мәселелер мен жетілдіру жолдары» тақырыбындағы жиын «Әділет» партиясының орталық ғимаратында өтті. Оған заңгерлер, сарапшылар және Құрылтай депутаттары қатысты. Басқосуда «Әділетті орта» партиялық жобасының мақсаты мен алдағы жұмыс бағыттары таныстырылды. Партия өкілдерінің айтуынша, жобаның негізгі міндеті – заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтық қорғалуын арттыру және әділетті құқықтық орта қалыптастыру.
«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесовтің айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидаты Конституцияда бекітілген. Осы қағидатты іс жүзінде жүзеге асыруға үлес қосу мақсатында партия «Әділетті орта» жобасын қолға алған.

Жоба сегіз бағытты қамтиды. Осы мақсатта құрылатын орталық мемлекеттік органдар мен депутаттарды байланыстыратын алаңға айналуды көздейді. Орталықтың ерекшелігі – азаматтардың әрбір өтінішін жеке қарастырумен шектелмей, көпшілікке ортақ мәселелерді анықтап, олардың себептерін жүйелі түрде зерделеу. Осы арқылы бір реттік шешімдерден гөрі, мәселенің түпкі себебін жоюға басымдық берілмек.
«Әділетті орта» тағы немен айналысады
«Әділет» партиясы жанындағы «Әділетті орта» үйлестіру-талдау орталығының басшысы Абзал Құспан отырыста сегіз бағыт бойынша атқарылатын жұмысты таныстырды. Оның сөзінше, бұл бағыттардың барлығы Құрылтай депутаттарымен тығыз байланыста жүзеге асады. Орталық депутаттарға халықпен жұмыс істеу барысында әдістемелік және құқықтық көмек көрсетеді. Сондай-ақ негізгі бағыттардың бірі – қолданыстағы заңнамаға ревизия жүргізу. Абзал Құспанның айтуынша, 1991 жылдан бері қабылданған заңдарды жаңа Конституцияның талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қайта қарау қажет. Бұл ретте тек заңдардың мазмұны ғана емес, қазақ тіліндегі нұсқаларының сапасы назарға алынады.
«Біріншіден, заңдарды Конституцияға сәйкестендіреміз. Екіншіден, қазақ тіліндегі заң мәтіндеріндегі терминология мәселелерін де қараймыз. 1990 жылдардың басында құқықтық терминология әлі қалыптаспаған еді. Қазіргі таңда Терминкомның, құқық саласы мамандары мен құқық қорғау органдары өкілдерінің еңбегінің арқасында қазақ тіліндегі құқықтық терминология толық қалыптасты деуге болады», – деді ол.
Оның сөзінше, қазіргі кезде қазақ және орыс тілдеріндегі заң мәтіндерінің арасында айырмашылықтар бар. Сонымен қатар қазақ тіліндегі нұсқаларда да түрлі қателер кездеседі. Сондықтан орталық осы мәселелерді біржола реттеуді көздеп отыр. Бұл бағыттағы жұмыс Әділет министрлігімен бірлесіп жүргізілмек.
Заңдарды қайта қарау кезінде қандай мәселелер анықталды
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі Үнзила Шапақтың айтуынша, заңнаманы ревизиялау тек Конституцияға сәйкестігін тексерумен шектелмейді. Өйткені тәуелсіздік алғаннан бері қабылданған заңдардың кейбірінің құқықтық мазмұны мен реттейтін мәселелері уақыт өте өзгерген.
«Заңдардың қабылданғанына 35 жылдан астам уақыт өтті. Осы кезеңде олардың кейбірінің құқықтық мазмұны мен реттейтін мәселелері айтарлықтай өзгерді. Мұны алдыңғы Парламенттің сегізінші шақырылымында заңдарды Конституцияға сәйкестендіру барысында да байқадық. Кейбір заңдардың мән-мағынасы мен жекелеген терминдердің қолданысына қатысты мәселелерге тап болдық», – деді депутат.
Оның айтуынша, заңнаманы қайта қарау жұмысына депутаттар белсенді қатысады. Егер заңдардың мазмұнына қатысты күмәнді немесе түзетуді қажет ететін тұстар анықталса, оларды үйлестіру орталығымен бірлесіп зерделеп, қажет болған жағдайда өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.
Азаматтардың мәселесі жергілікті жерде шешіледі
«Әділетті орта» жобасының тағы бір бағыты – азаматтардың өтініштері мен шағымдарын жүйелі түрде қарау. Абзал Құспанның айтуынша, көптеген мәселе бастапқыда аудан немесе қала деңгейінде туындайды. Алайда жергілікті жерде уақытылы әрі сапалы жауап берілмегендіктен, олар облыстық деңгейге, кейін Астанаға дейін жетеді.
Орталық мұндай жағдайлардың алдын алып, азаматтардың мәселесін мүмкіндігінше жергілікті жерде шешуді көздейді. Ол үшін әртүрлі сала мамандарының қатысуымен арнайы қабылдаулар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Олар айына бір немесе екі рет өтуі мүмкін. Қазір бұл жұмыстың тәртібі пысықталып жатыр.
«Бір мәселе бірнеше мемлекеттік органның құзыретіне қатысты болуы мүмкін. Сондықтан барлық тиісті органның мамандарын бір жерге жинап, азаматтардың өтініштерін бірге қарастырсақ, артық әуре-сарсаң да азаяды», – деді орталық басшысы.
Орталық басшысының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс әдістемесі әзірленген. Енді оны еліміздің барлық өңірінде іске қосу көзделіп отыр.
Этномедиацияны дамыту жоспарланған
Жиында азаматтардың арасындағы дауларды шешу және этномедиацияны дамыту мәселесі де көтерілді. Абзал Құспанның айтуынша, кейбір келіспеушіліктер жергілікті жерде дер кезінде шешілмегендіктен, кейін үлкен қоғамдық мәселеге айналып кеткенін қоғамда кездестіріп жүрміз.
Осыған байланысты орталық кәсіби медиаторлар даярлау мәселесін қолға алмақ. Қазіргі заңнамада бұл бағыт толық қамтылмағандықтан, алдағы уақытта депутаттардың көмегімен тиісті заңнамалық өзгерістер енгізу қажет болады. Орталық басшысының айтуынша, кәсіби медиаторларды даярлау жұмысын өздері ұйымдастырады.
«Әділетті орта» жобасы азаматтардың құқықтық мәселелерін шешуге, заңнаманы жетілдіруге және мемлекеттік органдардың жұмысын өзара үйлестіруге бағытталған. Партия өкілдерінің пікірінше, «Заң мен тәртіп» қағидаты тек заңда бекітілген ұстаным болып қалмай, азаматтардың күнделікті өмірінде пайдаға асуы керек.