Қазақстанда 40 үй темекі тұқылынан өртенген: үйінде темекі тартатын көршіге қандай жаза бар

Автор: Махан Миражан

Жыл басынан бері елде 430 өрт темекіден басталған, оның ішінде 40-қа жуық үй өртеніп кеткен

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қаладағы көпқабатты тұрғын үйде тұрсаңыз, бұл сізге таныс жағдай шығар. Бір көршіңіз мазасыз болуы мүмкін, енді бірінің жаман әдеттері бар, тіпті ережеге бағынбай өмір сүретін тұрғындар да кездеседі. Әрине, кіммен көрші болуды таңдау құқығы жоқ. Дегенмен баршаға ортақ қауіпсіздік пен талаптарды сақтау маңызды. Бұл өзгенің де, өзіміздің де қауіпсіздігіміз үшін.

Естеріңізде болса, осыдан тура бір жыл бұрын Гонконгте 170-ке жуық адамның өмірін жалмаған алапат өрт тіркелген. Алдын ала болжам бойынша, өөрттің себебі бір тұқыл темекі болған. Тмекесінің қалдығын қараусыз тастай салған бір адамның жауапсыздығынан 7 үй күлге айналды. Қас пен көздің арасында өртке оранған нысандарды сөндіруге бір аптадан аса уақыт кетті. Мұндай ауқымды болмаса да, ұқсас жағдай Қазақстанда да болып жатыр.  

Жыл басынан бері елде темекімен байланысты 430 өрт дерегі тіркелген. Оның ішінде 40-қа жуық үй өртеніп кеткен. Тіпті адам шығыны да болды. Бұл темекінің адам денсаулығына ғана емес, жеке басының қауіпсіздігі үшін де алаңдатарлық көсеткіш. Себебі өрт қауіпсіздігін сақтау былай тұрсын, пәтерінде отырып шылым шегіп, иісін мүңкітіп, көршіліренің мазасын алатындары да бар. Осы жағдайға ұқсас мәселені басынан өткеріп келе жатқан Астана қаласының тұрғыны Azattyq Rýhy редакциясына сұхбат берді.

Сурет: Reuters

Темекінің иісіне тұншыққан тұрғын

Астана қаласының тұрғыны бірнеше айдан бері көршісінің пәтерінен шығатын темекі түтінінің иісіне шағымданып келеді. Оның айтуынша, кейде үйіне нашаға ұқсас заттың да иісі тарайды.

Тұрғынның сөзінше, жоғары қабаттағы көршісі темекі немесе шөп шеккен кезде түтіннің иісі желдеткіш арқылы төменгі қабаттағы пәтерге өтеді. Әсіресе ас үй мен дәретханада иіс қатты сезіледі. Соның салдарынан үйдің ішін жағымсыз иіс алып, терезе ашып желдеткеннің өзінде одан бірден арылу қиынға соғады.

Елордалық тұрғын бұл мәселені көршісімен бірнеше рет сөйлесіп, шешуге тырысқан. Алайда ескерту жасағаннан кейін иіс уақытша жоғалғанымен, арада біраз уақыт өткен соң қайтадан пайда болады екен. Осылайша, бірнеше айдан бері қайталанып келе жатқан жағдай тұрғынның мазасын алған.

Бір қарағанда, көршілер арасындағы қарапайым келіспеушілік сияқты көрінгенімен, мұндай мәселенің артында бірнеше маңызды сұрақ бар. Өз пәтерінде темекі шегетін адамға заң бойынша қандай да бір шектеу қойыла ма? Түтін басқа үйге тараса, қайда шағымдануға болады? Ал көршінің есірткі тұтынатынына күдік болса, полиция не істей алады? Осы сауалымызды учаскелік полиция инспекторы мен заңгерге қойдық.

Полицияға шағымдануға бола ма?

Жалпы, қауіпсіздік тұрғысынан да, заң жағынан да. төсекте жатып, темекі тартуға, темекінің тұқылын сөндірмей тастай салуға, сондай-ақ балконнан, лоджиядан және терезеден темекі тұқылын лақтыруға болмайды. 

Астана қаласы Полиция департаментінің учаскелік полиция инспекторы Мұхан Жанабаев көршісінің пәтерінен тараған темекі түтіні мен жағымсыз иіс тұрғындарға қолайсыздық тудырса 102 арнасына хабарласуға кеңес береді.

Оның сөзінше, әрбір өтініш тіркеліп, тексеріледі. Полиция қызметкерлері шақыру түскен жерге барып, шағымданушыдан және қажет болған жағдайда басқа көршілерден түсініктеме алады. Егер құқық бұзушылық белгілері анықталмаса, тұрғындармен сөйлеседі. Ал заң талаптарының бұзылғаны расталса, тиісті шара қолданылады.

«Жеке пәтер ішінде темекі шегудің өзі барлық жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық болып саналмайды. Әрбір жағдай нақты мән-жайлар мен қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралады», – дейді Мұхан Жанабаев.

Ал көршісінің пәтерінде есірткі немесе психотроптық заттар тұтынылуы мүмкін деген күдік болса, тұрғындар бұл туралы да 102 арнасына хабарлай алады. Инспектордың түсіндіруінше, полиция мұндай ақпаратты тіркеп, тексеру барысында мән-жайды анықтайды. Егер есірткі заттарын заңсыз сақтау, өткізу немесе өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің белгілері табылса, тергеу басталады.

«Тұрғын үйге тек заңда жазылған тәртіпке сай, кіріп, тінтеміз және адамды медициналық куәландыруға жібереміз», – деп түсіндірді полиция өкілі.

Шағымды дәлелдеу үшін не қажет?

Мұхан Жанабаевтың айтуынша, тұрғындар полицияға шағымданғанда оқиғаның нақты күні мен уақытын, куәгерлер туралы ақпаратты, бейнежазбаларды немесе қолда бар өзге де материалдарды ұсына алады. Дегенмен шағымды қарау үшін міндетті түрде бейнежазба болуы шарт емес.

«Азаматтардың шағымын қарау үшін міндетті түрде бейнежазба болуы талап етілмейді. Алайда қолда бар нақты мәліметтер тексеру жүргізуге көмектеседі», – дейді ол.

Полиция өкілі Астана тұрғындарынан биыл көршілер арасындағы жанжал, түнгі тыныштықты бұзу, қорқыту және есірткіге қатысты күдік бойынша түскен шақыртулардың статистикасын да ұсынды.

Полиция мәліметінше, әрбір шақырту бойынша мән-жай тексеріліп, құқық бұзушылықтың бар-жоғына қарай тиісті шешім қабылданады. 

Мәселе айыппұлмен шешіле ма

Қазақстан заңнамасында темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салынған орындардың қатарына көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберістері сияқты ортақ аумақтар кіреді. Бұл талапты бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Ал жеке пәтерде темекі шегу және одан шыққан түтіннің көрші үйге таралуы заң тұрғысынан бөлек қаралады. Мұндай жағдайда тек жағымсыз иістің бар екеніне сүйеніп, пәтер иесіне бірден айыппұл салу мүмкін емес. Дегенмен тұрғын үй иесі өз пәтерін пайдаланған кезде басқа тұрғындардың құқықтары мен заңда белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.

Заңгер Марғұлан Шыныбаевтың айтуынша, егер түтіннің тұрақты таралуы тұрғындардың денсаулығына немесе құқықтарына зиян келтірсе, олар өз мүддесін заңды жолмен қорғай алады.

«Көршінің пәтерінде темекі шегуі мен ортақ жерде темекі шегуі – екі бөлек жағдай. Ортақ кіреберісте темекі шегуге заңмен тыйым салынған. Ал түтін көрші пәтерге тараса, тек иістің болуына қарап оған айыппұл салынбайды. Бірақ денсаулыққа келетін зиянды дәлелдесеңіз, заңды қорғау жолдарын қарастыруға болады», – дейді заңгер.

Көршінің есірткі тұтынуына күдік болса, не істеу керек

Марғұлан Шыныбаев егер көршінің есірткі тұтынатынына күдігі болса, ең алдымен оған дәлел тауып, кейін полиция шақыруға кеңес береді. Себебі дәлелсіз шағым жала жабумен тең екенін ескертті. Иіс шығып тұрса, бұл адамның есірткі тұтынғанын немесе сақтағанын өздігінен дәлелдемейтінін атап өтті.

Бұл ретте заңгер шағымды тексеру үшін полиция қызметкерлері кез келген үйге еркін кіре алмайтынын еске салды.

«Тек көршінің күдігі немесе анонимді хабарлама пәтерге кез келген уақытта кіріп, тінту жүргізуге құқық бермейді. Полиция хабарламаны тіркеп, көрсетілген мән-жайларды тексере алады, бірақ мәжбүрлі тексеру, тұрғын үйге кіру немесе тінту үшін тиісті заңдық негіз қажет», – деп түсіндірді Марғұлан Шыныбаев.

Түтіннен денсаулыққа зиян келсе, өтемақы талап етуге бола ма

Көршілер арасындағы мұндай жағдай тек полицияның араласуымен шектелмеуі мүмкін. Егер түтіннің таралуы салдарынан тұрғынның денсаулығына немесе мүлкіне нақты зиян келсе, азаматтық-құқықтық тәртіппен өтемақы талап ету мәселесі де туындайды.

«Егер заңсыз әрекет салдарынан адамның мүлкіне немесе өзге де қорғалатын құқықтарына зиян келсе, Азаматтық кодекстің 917-бабы бойынша зиянды өтету мәселесі қарастырылуы мүмкін. Бұл үшін зиянның болғанын, заңсыз әрекетті, кінәні және олардың арасындағы себептік байланысты дәлелдеу қажет», – дейді заңгер.

Ол тұрғындарға түтін тараған уақытты белгілеп, фото және видео материалдарды, басқа көршілердің куәліктерін жинауға кеңес береді. Ал денсаулығына қатысты шағымы бар адамдар медициналық мекемеге жүгініп, тиісті құжаттарды сақтағаны жөн.

Полиция әрекет етпесе, қайда шағымдануға болады?

Егер тұрғын полицияға жүгінгенімен, өтініші қаралмаса немесе қабылданған шешіммен келіспесе, органдарға шағымдануға құқылы. Мұндай өтінішті полиция бөлімінің басшылығына, прокуратураға немесе заңда көзделген жағдайда сотқа жолдауға болады. Сондай-ақ e-Otinish жүйесі арқылы электронды өтініш беруге мүмкіндік те бар.

«Шағымда бастапқы өтініштің күні, тіркеу нөмірі, қандай әрекет жасалмағаны және қандай шешім қабылдауды сұрайтыныңыз анық жазылғаны дұрыс», – деп кеңес береді Марғұлан Шыныбаев.