Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің ар-намысын қорғау туралы ұсынысын желтоқсанда жариялайтын болды

Үкімет басшысы 10 желтоқсанға дейін мұғалімдердің ар-намысы мен абырой-беделін қорғау шараларын күшейту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды

Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің ар-намысын қорғау туралы ұсынысын желтоқсанда жариялайтын болды
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов 20 инклюзивті мектептің құрылысын жоспарға енгізуді, мұғалімдердің құқығын қорғау шараларын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа үлгідегі инклюзивті мектептер оңалту және сауықтыру кабинеттерімен жабдықталуға тиіс. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларды ерте диагностикалау және осы бағыттағы мамандар тапшылығын азайту бойынша жүйелі шаралар әзірленеді.

Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, мұғалімдердің есептілігін қайта қарауы керек. Әртүрлі платформаларда қайталанатын есептерді жойып, олардың санын азайту тапсырылды.

«Экономика және Қаржы министрліктері, өңір әкімдері Инфрақұрылымдық даму қорының жобалары тізбесіне 20 инклюзивті мектептің ‒ оңалту және сауықтыру кабинеттерімен жарақталған жаңа форматтағы кешендер құрылысын қосуды қамтамасыз етсін.  Сондай-ақ балаларды оқыту мен тәрбиелеу тиімділігін арттыру, мұғалімдердің қызметіндегі артық жүктемені азайту және олардың беделін қорғау үшін Оқу-ағарту министрлігіне әкімдермен бірлесіп, есептіліктің барлық түрін қайта қарауды тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы 10 желтоқсанға дейін мұғалімдердің ар-намысы мен абырой-беделін қорғау шараларын күшейту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.