Салық кодексіне өзгерістер енеді: бай-бағландарға салынатын салық Қазақстандағы жағдайға бейімделмек

Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Азамат Әмрин мәлімдеді

Салық кодексіне өзгерістер енеді: бай-бағландарға салынатын салық Қазақстандағы жағдайға бейімделмек
Фото: freepik.com

Қазақстанда Салық кодексіне бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын ескере отырып, өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ірі капитал иелері үшін жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әмриннің айтуынша, жыл басынан бері Салық заңнамасын жетілдіру мәселесі Жобалық кеңес аясында талқыланып келеді. Қазір бизнес өкілдерінің ұсыныстары ескерілген нақты өзгерістер пакеті әзірленген.

«Ірі капитал иелері үшін жоғарылатылған мөлшерлеме енгізу мәселесі халықаралық тәжірибені талдауды ескере отырып қарастырылады. Қазақстан жағдайларына барынша бейімделген тәсіл әзірленеді», – деді Азамат Әмрин.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген инфрақұрылымды ауқымды дамыту міндетін жүзеге асыру үшін Инфрақұрылымдық даму қоры құрылған. Ол Қордың қызметін реттеу үшін Бюджет кодексіне түзетулер де әзірленген көрінеді . Түзетулер жобаларды қаржыландыру тәртібін, қазынашылық сүйемелдеуді және бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау тетіктерін айқындайды. Сондай-ақ негізсіз әрі тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологияларын белсенді қолдану жоспарланып отыр.