Қазақстандағы ауқымды құрылыс перзентхана салудан басталатын болды

Автор: Бақыт Шынар

Президент дәл қазір Қазақстанда неше бала бар екенін мәлімдеді

Фото: magnific.com

Қазақстанда қазір жеті миллионға жуық бала өмір сүреді. Бұл – халқымыздың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Осылай деген президент Қазақстандағы ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде сегіз заманауи перзентхана салынатынын мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет. Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз», - деді Тоқаев.

Бұдан басқа, президент атап өткендей, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді.

«Аталған жұмысқа бюджет қаражатымен қатар, жеке капиталды кеңінен тартқан жөн. Қолға алынған мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жобаларын сәтті жүзеге асыру қажет. Мұндай серіктестік түрі әлеуметтік инфрақұрылымға салынатын жеке инвестиция көлемін ұлғайтуға көмектеседі. Ең бастысы, тиісті рәсімдерді негізсіз созбай, шешімдерді тез қабылдау керек», - деді Тоқаев.