«Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» шешу керек: Тоқаев жәрдемақыларға қатысты ойын айтты

Ол әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін мұқият тексеріп барып, іске қосу керегін айтты 

«Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» шешу керек: Тоқаев жәрдемақыларға қатысты ойын айтты
Фото: ЖИ

Халыққа мектептер мен ауруханалар жетпей жатқанда, жағдайы бар отбасылар әлеуметтік жәрдемақы алып отырды. Бұл туралы президенттің халыққа жолдауында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысының сөзінше, «Халықтық құрылыс» бастамасы тек экономикалық қажеттіліктен туындап отырған жоқ, оған елде жылдар бойы қордаланған мәселелер де себеп болды.

«Халық санының өсуі мен ішкі көші-қон әлеуметтік нысандарға түсетін салмақты арттырды. Қазірдің өзінде көптеген мектеп пен аурухана шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп тұр. Бұл мәселе бүгін ғана пайда болған жоқ. Бұрын мемлекеттік басқарудағы қателіктер мен кемшіліктерді әлеуметтік көмекті көбейту арқылы бүркемелеу әдетке айналған. Азаматтардың көңілін табу үшін түрлі төлемдер мен көмектер көбейтілді. Соның салдарынан бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалды. Әлеуметтік көмекті жағдайы жақсы отбасылар да алып отырды. Ал халыққа қолжетімді мектептер мен ауруханалар жетіспей жатты», - деді ол.

Тоқаевтың айтынша, мұндай саясат қоғамда масылдық көңіл күйді күшейтуге ықпал етті. Сонымен қатар әлеуметтік көмек жүйесінде заңсыздықтар мен сыбайлас жемқорлыққа жол ашты.

«Негізсіз жеңілдіктер мен төлемдердің шамадан тыс көбеюі мемлекеттік жүйенің әлсіздігін және елдің болашағын ұзақ мерзімге жоспарлаудағы кемшіліктерді көрсетеді. Бюджет есебінен халыққа орынсыз жомарттық таныту – популизмнің бір көрінісі. Оның артында халықтың мүддесіне және елдің тұрақты дамуына қайшы келетін әрекеттер жасырынуы мүмкін. Бұл – тек бүгінгі күннің қамын ойлап, болашаққа стратегиялық тұрғыдан қарай алмайтын адамдардың ұстанымы. Сондықтан әлеуметтік саясатты түбегейлі қайта қарау қажет», - деді президент

Мемлекет басшысы әлеуметтік саясат уақытша мәселелерді шешумен шектелмей, елдің ұзақ мерзімді дамуы мен халықтың болашағына қызмет етуі керегін жеткізді.

«Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы. Жалпы, бұл салада өзекті мәселелер аз емес, соған байланысты Үкімет өз ұсынысын, шешімдерін беруде. Қазір қоғамда осы мәселелер бойынша қызу талқы жүріп жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтуда. Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды. Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс», - деді ол.

Президент әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін, соған қатысты ақпараттық жүйелердің қызметін алдын ала мұқият тексерістен өткізу қажет екенін айтты.

«Ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек. Түптеп келгенде, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз. Сондықтан біз адам капиталының сапасын жақсартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға баса мән беріп отырмыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.