Солтүстікке қашан газ жетеді: 7 жылдағы нәтиже жарияланды

Биыл 2 мың шақырым газ желілері салынды

Солтүстікке қашан газ жетеді: 7 жылдағы нәтиже жарияланды
Фото: Freepik

Кейінгі жеті жыл ішінде 3 миллион 600 мың қазақстандық көмірдің орнына газ қолдана бастады. Елімізде инфрақұрылымдық жобалар іске асып, жүздеген елдімекен газбен қамтылды. Осы уақыт аралығында табиғи газды пайдаланушылар қатары 9,5 млн-нан 13,1 млн адамға дейін өсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Газдандыру жобаларына ірі инвестициялар салынды. Соңғы жеті жылда республикалық бюджеттен және «Самұрық-Қазына» АҚ қаражатынан газ инфрақұрылымын дамытуға 612,3 млрд теңге бөлінді. Осы кезеңде 821 газдандыру жобасы іске асты. 31 мың 526 шақырымға жуық газ тасымалдау желілері салынды. Осының нәтижесінде газдандыру деңгейі 51,47 пайыздан 64,2%-ға артты. Газдандыру деңгейін арттыру маңызды әлеуметтік-экономикалық мәнге ие. Елді мекендерді газбен жабдықтауға қосу тұрмыстық жағдайды жақсартуға ықпал етеді, заманауи энергия көздерін пайдалану мүмкіндігін кеңейтеді және өңірлерде кәсіпкерлік пен өндірістік қызметті дамыту үшін қосымша алғышарттар жасайды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша 94 елді мекеннің 354 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізді. Биыл 2 мың шақырым газ желілері салынды. Қазір 40 газ инфрақұрылымы жобасы іске асырылып жастыр, оның ішінде 7 өтпелі және 33-і жаңа жоба бар. Жобалар аяқталған соң, 36 мыңға жуық адам газ пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Энергетика министрлігі 2035 жылға қарай халықты газдандырудың нысаналы көрсеткішін 80% деңгейіне жеткізу үшін магистральдық газ тасымалдау инфрақұрылымын, өңірлік желілерді және ресурстық базаны одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

«Есіл - Астана» магистральдық газ құбыры

Бұл жоба солтүстік өңірді газдандыру үшін стратегиялық маңызға ие. Оны жүзеге асыру үшін Үкімет «Газпром» ЖАҚ-пен меморандум жасаған. Бұл Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен қамтамасыз етіп, Қазақстанның солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу бағдарларын әртараптандырады.

«Бейнеу - Бозой - Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісі

«Бейнеу - Бозой - Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысы жалғасып жатыр. Жоба жұмысы аяқталғанда, елдің оңтүстік және орталық өңірлеріндегі табиғи газға деген сұраныс өтеледі деген жоспар бар.

«Талдықорған - Үшарал» магистральдық газ құбыры

2025 жылы ұзындығы 302 шақырым болатын жуық құбыры салынып, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде Жетісу облысының елді мекендері газбен жабдықталып, өңірді газдандыру одан әрі кеңейді. 84 елді мекен инфрақұрылымның игілігін көріп отыр.

Өңірлік газдандыру жобалары да тоқтап қалған жоқ. Қазір Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды және басқа да облыстарда газ желілерінің құрылысы жүріп жатыр.