Қазақстан бойынша 1,8 млн көше камерасы бар – олар 13,8 мың қылмысты ашуға сеп болған

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін премьер-министр Олжас Бектенов «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидаты қалай орындалып жатқанын білу үшін ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізген. Отырыс кезінде әр министрлік өз саласына қатысты соңғы статистиканы айтып, баяндама жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, «Заң мен тәртіп» деген қағида Қазақстандағы ең жоғарғы конституциялық деңгейде бекіген негізгі қағидат.

Отырыста баяндама жасаған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов «Заң мен тәртіпті» сақтау үшін полицияның жұмысына көше камералары көп үлес қосатынын мәлімдеген.

«Қоғамдық орындарда қауіпсіздікті арттыру үшін бейнебақылау жүйесі кеңейіп келеді. ІІМ мәліметтері бойынша, елімізде 1,8 млн камера орнатылған. 65 мың аулада камера бар. Соның арқасында 13,8 мың қылмыс ашылды», - деп хабарлайды үкімет.

Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігі жасанды интеллектіні дамытуға талпынып жатыр.

«Елімізде бейнеаналитика функциясы бар 51 мың камера жұмыс істейді, жыл соңына дейін олардың санын 60 мыңға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ ұлттық бейнемониторинг жүйесін құруға дайындық жүріп жатыр», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.