Түркиядағы Қазақстан азаматының қазасы, Астанадағы қылмыстық іс: демалыста ел назарын аударған оқиғалар
Өткен демалыс күндері ел назарын аударған қандай оқиғалар болды
Өткен демалыс күндері ел назарын аударған бірқатар маңызды оқиға болды. Кейбір жағдайлар қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғаса, енді бірі кеңінен талқыланды. Azattyq Rýhy тілшісі демалыс күндері болған елеулі оқиғаларға шолу жасап, ең маңызды жайттарды топтастырды.
Түркияға қыдырып барған отандасымыз көз жұмды. Қайғылы оқиға 25 қазан күні Ыстанбұл қаласының Шишли ауданында болған. Өкінішке қарай бұл жағдайды Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми түрде растады.
Белгілі болғандай, отандасымыз алтыншы қабаттың балконынан қасындағы ғимаратқа өтіп кетпек болған. Алайда аяғы шалынып кетіп, төмен қарай құлаған. Бойжеткен сол жерде тіл тартпай кетті. Жедел жәрдем жеткенмен, оны аман алып қала алған жоқ. Оның аты-жөні: Айсұлу Бекмаханова. Түркияға қыркүйек айында турист ретінде қыдырып барған.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі марқұмның туыстарына қажетті көмек көрсетіп жатыр.
Рульде отырған автобус жүргізушісіне шабуыл жасады. Астанада автобус жүргізушісіне рульде отырғанына қарамастан шабуыл жасаған ер адам ұсталды. Өзінің осы ісі арқылы ол автобуста отырған бір топ жолаушының өміріне қатер төндірді.

Фото: Астана ПД/Видеодан скрин
Қалалық Полиция департаменті оның кім екенін аты-жөні мен туған жеріне дейін жариялады. Тәртіп сақшыларының мәліметінен автобус жүргізушісіне жұдырық ала жүгірген ер адам Алматы облысының тумасы, 27 жастағы Тоқтар Нарынбай екені белгілі болды.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланған соң полиция бірден іске кірісіп, шабуыл жасаған адамды сот шешімімен 10 күнге темір торға қамап тастады. Ер адамның заңсыз ісі осымен аяқталған жоқ. Оның төлемей жүрген қарызы үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны, алайда оған қарамастан емін-еркін көлік жүргізіп жүргені анықталды. Сол сияқты жол ережесін де талай мәрте бұзғаны белгілі болды. Ол 10 күнге қамалып, қосымша бірнеше әкімшілік айыппұл арқалап алды.
Шыңғыс Айтматовтың қарындасы өмірден өтті. Әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қырғызстанның еңбек сіңірген білім беру қызметкері және қоғам қайраткері Роза (Розетта) Айтматова 89 жасында өмірден өтті. Ол - мемлекет қайраткері Төреқұл Айтматовтың қызы.

Фото: instagram.com/aitmatov_official
Роза Төреқұлқызы сталиндік репрессия құрбаны болған әкесі Төреқұл Айтматов пен отбасының ауыр тағдыры жайлы «Ата-Бейіт» атты кітап жазған.
Ол өмірінің біраз уақытын нәзікжандылардың құқығын қорғауға арнаған. 1996 жылы әріптестерімен бірге «Әйелдерге көмек көрсету орталығы» қоғамдық ұйымын құрған.
Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға қандай үндеу жасады? Ведомство күзгі демалыста мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне байланысты ата-аналарға үндеу жасады.

Фото: Freepik.com
Министрлік балаларға үйде, көшеде және интернетте қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын, сақ болу мәселесін ерекше ескертті. Күзгі демалыста ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, түрлі жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін үйретуі қажет.
Ал екінші тоқсан тұп-тура бір аптадан кейін 2 қараша күні басталады. Қазір Қазақстанда балалардың дамуына септігін тигізетін өнер, музыка мектептері, оқушылар сарайы, спорт мектептері сияқты түрлі қосымша білім беретін 2,9 мың ұйым бар. Ал мектепішілік іс-шаралар өтер болса, ата-аналардың келісімі болуы қажет.
Жас жігіт кішкентай қызды зорлап кетпек болған. Астанадағы «Бағыстан-4» тұрғын үй кешеніндегі оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Қазір полиция қызметкерлері осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады. Ал күдікті ер адамның суреті әлеуметтік желіде жарияланып кетті.

Фото: istockphoto.com
Осы жарияланымнан кейін полиция күдіктінің қамалғанын айтып, Қылмыстық кодекстің 121-1 бабы бойынша іс қозғалғаны хабарланды. Ол бойынша күдікті 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегіледі немесе 50 күн уақытын темір қапаста өткізеді.
Жазбада сол сияқты аталған тұрғын үй кешенінің қауіпсіздігіне көңіл бөлінбегені айтылған. Аталған тұрғын үй кешені 2025 жылы қолданысқа берілуі керек еді. Бірақ әлі күнге дейін аяқталмай тұр.