Ақшаңды еселеп береміз: қаржы пирамидалары елді өзіне қарату үшін қандай қулық-сұмдыққа жиі барады
Алаяқтар қазақстандықтарды қалай алдап жүр
Қаржы пирамидасының артында қаншама қазақстандықтың көз жасы тұр. Олар қарапайым халықты салған ақшаңды еселеп аласың деп алдап, түбінде түксіз қалдырып жатады. Azattyq Rýhy тілшісі биыл заңсыз әрекеті әшкере болған ауқымды қаржы пирамидаларына шолу жасап, олардың халықты қалай ырқына көндіріп, сендіріп алатынына назар аударып өтті.
Сөз басында айтарымыз, кез келген қаржы пирамидасы өзін белгілі бір салада табыс тауып жүрген мықты компания ретінде таныстырып, ақша құйсаң, пайызымен қайтаратынын айтып сендіреді. Оған төменде келтірген мысалдарымыз дәлел.
«Asar Baspana». Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар 90 мыңнан астам адамды алдап, олардың 25 млрд теңгесін сыпырып алған. Бар былығын әшкере еткен Қаржылық мониторинг агенттігі олардың елді қалай алдап, қандай күмәнді істерге барғанын жайып салды. Олар қаржи пирамидасына ақша салған кез келген адамға 30 пайыз көлемінде табысты уәде етіп келіпті. Ал компания құрылыс материалдарын шығаратын, одан бөлек тігін цехы, тұрмыстық және медициналық техникалар шығаратынын айтып, елді аузына қаратқан. Ал шындығында олар сол тауарларды сырттан жеткізіп, тек бетіне «Asar Baspana» деген логотипін жапсыра салған. Бұл халықтың сеніміне кіріп алу үшін жасалған айла еді.
Дегенмен, қызығы сол, елдің сенімі азайып, клиенттері азая бастағанда жаңа жоба бастадық қулықтың жаңа түрін ойлап тапқан. Олар автодүкен аштық деп автодиллермен тікелей келісім жасағаны жөнінде жалған құжаттар көрсекен. Ал шындығында ешқандай да келісім жасалмаған. Салымшылардан түскен миллиардтаған ақшаның бір бөлігіне жұртқа сенім ұялату үшін бірнеше автокөлік сатып алған. Ал көліктерді туыстарының атына рәсімдеп қойған.
Олардың қылмысы анықталған соң сот үкімі шығып, Туғанбаев Н.М. сегіз жылға сотталды. Одан бөлек, үш ұйымдастырушының әрқайсысына жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сол сияқты 13 өңірлік басшы бес жылға шартты түрде сотталды.
21 млрд теңге жинап алған «Amanat Drive». Алматы облысында қаржы пирамидасын ұйымдастырып, елді өзіне қарату үшін үй мен жерді, автокөліктерді пайызсыз, бөліп төлейсің деп сендірген. Ал оған жарна төлеу қажет. Осыдан кейін жұрттан түскен ақшаны заңдастыру үшін «Алло, не керек» ЖШС, «I M@RKETING» ЖШС, «Gold SapaPremium» компанияларының атын пайдаланып, сұмдық схемаларды іске асырған. Сол сияқты жалған құжаттар әзірлеп, 21 млрд теңгенің 1,8 млрд теңгесін қолма-қол ақшаға айналдырып алған.
Сотта олардың жасаған былықтары айтылып, негізгі ұйымдастырушысы Көңілбай Шүкен 8 жылға сотталып кетті.
70 пайыз табысты уәде еткен. «ХАС» атауымен танымал бұл ұйым аздаған уақыт ішінде 515 адамды алдап, олардың 3 млрд теңгесін жинап алған. Халыққа салған ақшасы 70 пайыз табыспен қайтатынын айтып сендірген. Ал осыны ұйымдастырған адам сол ақшаға Астана мен Павлодар қалаларынан жер мен пәтерлер, 18 автокөлік сатып алып, шалқып өмір сүрген.
«Африкада алмаз өндіреміз». Ақтауда «Sax Invest» қаржы пирамидасын ашқандар елді сендіру үшін осындай жарнама жасаған. Жалған жарнамаға ерекше қызығушылық танытқан мыңнан аса адам 9 млрд теңгесін салып жіберген. Осының бәрін тергеу кезінде жұрттың салған ақшасының үлкен бөлігі компанияның шотына емес, ұйымдастырушылардың жеке шоттарына түскені белгілі болды. Ал ол ақшаны құмар ойындарға жұмсап қана қоймай, пәтерлер сатып алуға, жер үйлер салуға және т.б. жұмсаған.
Ауадан ақша жасаған «CVK» пирамидасы. Алаяқтар қазақстандықтарды күн сайын табыс тауып отырасың, ал өзіңмен бірге тағы бірнеше адам тартсаң одан пайызын алып отырасың деп сендірген. Ал компания деп жалпақ жұртқа жар салған алаяқтар виртуалды дүкеннен пайда түсіп тұрады деп сендірген. Сол үшін салымшылар 120-дан 49 мың АҚШ долларына дейінгі виртуалды дүкендерді сатып алу қажеттігін көрсеткен. Ал виртуалды дүкендерде көрсетілген тауарлар шын мәнінде атымен болмаған. Ақша әдеттегідей табыс табамыз деп жаңадан келген адамдардың есебінен түсіп отырған. ҚМА мәліметінше, «CVK» пирамидасын құрған адамнан 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтер табылған. Оның нарықтағы құны 212 млн теңгеге тең.
Finprom мәліметтеріне көз жүгіртсек, өткен жылмен салыстырғанда биыл қаржы пирамидаларының саны едәуір азайған. Бірақ оның өзі де біздің қоғам үшін аз емес. Жыл басынан бері жауапты органдар 35 қаржы пирамидасын тауыпты. Ал былтыр осындай 89 алаяқ ұйым болған. Екі жарым есе азайған. Бірақ олардың бұл ісінен қаншама қазақстандық зар жылап, жинаған бар дүние-мүлкінен айырылып отыр. Жоғарыда келтірген мәліметтер - осы сөзіміздің дәлелі.
Бір ғана Астана қаласында прокурорлар биыл жыл басынан бері 6 қаржы пирамидасын тапқан. Олар: «WYP.KZ», «Sinsera Systems», «Life is Good», «Sirius Energy», «World Business Consulting», «Buyers Union». Ал олардың ішінде «WYP.KZ» интернет-дүкені 200-ден астам адамды алдап, 216 млн теңге жинап алған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2021-2025 жылдар аралығында Қазақстанда 100-ден аса қаржы пирамидасы анықталып, оларды ұйымдастырған 227 адам сотталып кеткен.
Сөз соңында айтарымыз, жоғарыда айтылғандарға назар аударсақ, бәрі ақшасын еселеп көбейтіп аламыз деп барып ұрынған. Бастапқыда сенімсіз болып көрінетіні рас. Бірақ сөйлескен адамның қалтасын қағып алғысы келетіндер бастапқыда салған ақшасын пайызбен қайтарып, сеніміне кіріп алуды көздейді. Әлбетте, бір-екі рет салған ақшасынан пайда көрген адам оған имандай сенері рас. Дегенмен, мұндайда «бұл не деген батпан құйрық» деп секемденген жөн. Қаржылық мониторинг агенттігі оларды анықтау үшін Telegram желісінен «Baiqa, piramida!» боты арқылы оңай білуге болады.