Бұл әйелдер санатына қарамай, декретке шықса, төлемін ала береді
Бүгін Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова соңғы күндері көп талқыланып жатқан декреттік төлем мен бала 1,5 жасқа толғанша төленетін жәрдемақыға қатысты маңызды хабарландыру айтты. Айта кетейік, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап А және В санатына жанатын ауқатты отбасылар көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақыдан, одан басқа, осы санатқа жататын әйелдер бала босанғанда бюджеттен берілетін бір реттік жәрдемақы мен 1,5 жасқа толғанша бюджеттен төленетін жәрдемақыны ала алмайды. Ләззат Қожахмет жұмыс істейтін әйелдер бюджеттен жәрдемақы ала алмаса да, жұмыс істеп жүріп, сақтандыру қорына жарна төлегендіктен, декреттік төлемін де, баласы 1,5 жасқа толғанша төленетін төлемін де ала береді дейді. Тіпті, олар А және В санатына жатса да жалақысының 40 пайызы баласы 1,5 жасқа толғанша төлене береді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жалпы, Ләззат Қожахмет енді үнемі эфирге шығып, осы өзгерістерге қатысты білетінін айтып отырмақ.
«Бүгін біз 1,5 жасқа дейін берілетін жәрдемақы туралы айтамыз. Егер сіз жұмыс істеп жүріп декретке шықсаңыз, онда балаңыз 1,5 жасқа толғанша бұл төлем төлене береді. Яғни, сіздің мұқтаж немесе мұқтаж емес екендігіңізге қарамайды. Сіз жұмыс істеп, ай сайын Әлеуметтік сақтандыру қорына төлем жасап жүргендіктен, бұған дейін алған жалақыңыздың 40 пайызын балаңыз 1,5 жасқа толғанша жәрдемақы ретінде алып отырасыз. Яғни, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жұмыс істейтін әйелдер «А» санатында болсын, «В» санатында болсын, декреттік төлемін ала береді», - деп түсіндірді Қожахмет.
Ал кімдер мұқтаждық деңгейіне байланысты бұл төлемді ала алмауы мүмкін дегенге жауап берген ол «жұмыс істемеген, үй шаруасында отырып баланы дүниеге әкелген әйелдердің отбасы мұқтаж болса ғана бұл төлемді алады» деп мәлімдеді.