Бұған дейін жүргізушіден зәбір көрген қыз әлеуметтік желіде көмек сұраған еді
Астана қаласының әкімшілік соты inDrive жүргізушісін 10 күнге қамады. Ол таксиге мінген бойжеткенге әдепсіз қылық көрсетіп, интим ұсынған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Астана соттарының баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға 11 қазан күні таңғғы сағат 07.00-де болған. Ал жүргізушінің ісі кеше, 13 қазанда қаралған.
«11 қазан күні таңғы сағат 07:00 шамасында бойжеткен inDrive арқы такси шақырған. Оған келген такси жүргізушісі жолаушыға қатысты әдепсіз әрекеттер жасап, оған интимдік сипаттағы ұсыныстар жасаған. Осылайша, ол айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған», - деп хабарлайды Астана соттары.
Істі қарау кезінде жүргізуші кінәсін мойындаған. Соттың мәліметінше, жігіт бұрын-соңды әкімшілік те, қылмыстық та істерде бас көрсетпеген.
«Сот такси жүргізушісін 10 күнге қамады», - деп хабарлайды Астана соттары.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада тұратын бойжеткен InDrive жүргізушісінің өзін жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлемек болғанын айтып, басынан өткен жағдай туралы жазба жариялаған еді.