$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.08.2020, 11:23
Қоғам

«Әкімдер уәдемен тойдырды»: Павлодардағы қыздар гимназиясы 27 жылдан бері ғимаратсыз күй кешіп келеді

Осы уақыт аралығында оқу ордасы 4 рет көшкен

«Әкімдер уәдемен тойдырды»: Павлодардағы қыздар гимназиясы 27 жылдан бері ғимаратсыз күй кешіп келеді
Көрнекі фотосурет

Павлодар қаласындағы №25 Қазақ қыздар гимназиясының құрылған уақыттан бері өз ғимараты жоқ. Көшіп-қонып жүрген оқушылардың ата-аналары әкімшілік ғимаратын тоздырдық деп отыр. Алайда, мәселені осы уақытқа дейін ешбір әкім шешпеген. Бұл туралы танымал саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров өзінің Facebook-парақшасында жазды.

Оның айтуынша, 1993 жылы құрылған мектеп-гимназия бүгінге дейін 4 рет орын ауыстырыпты. 2008 жылдан бастап №24 орыстілді мектеп ғимаратының кішкентай бір қанатын алған. Алайда, ол жер тек 200 балаға ғана шақталған. Сондықтан 400-ден астам бала екі ауысымда білім алады.

«Мектепке 13 класс-кабинеттерін берген, оқушылар II ауысымда оқиды. Екі ауысым болғандықтан және кабинеттердің жетіспеушілігенен балалар қосымша білім алуына, үйірмелер мен секцияларға баруына мүмкіндік жоқтың қасы. Гимназияның жетістіктері де аз емес, сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие беріп жатқан мұғалімдердің білім беру деңгейлері жоғары», - деп жазды Е.Саиров Павлодар облысы әкімі Әбілқайыр Сқақовқа үндеу жариялап.

Оның айтуынша, жергілікті әкімшілік 2017, 2018 жылдары жаңа ғимаратты салып береміз деп жазба түрде жауап берген. 2018 жылдың 11 маусымында «21 шағынауданда қазақ қыздар гимназиясына арналған 900 орынға лайықталған мектеп құрылысын салуға жобалық сметалық құжаттама әзірленді» деп қала әкімі ата-аналарды қуантып қойған. Алайда, айтылған сөз айтылған жерде қалған көрінеді.

«Бұл әділетсіздіктің тамырына балта шабатын уақыт жетті. Облыс әкімшілігі осы мәселені әділетті, нақты шешіп беруі керек! Оған облыс әкімінің қауқары, ниет-жігері жете ме?», - деп сөзін түйді Ерлан Саиров.

Серіктес жаңалықтары