ШҚО-да мердігерлердің салғырттығынан ауыл халқы ауыз суға жарымай отыр
Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2018 жылы пайдалануға берілген су жүйесінде кемшілік көп
Шығыс Қазақстан облысындағы 4 мыңнан астам тұрғыны бар Тұғыл ауылының халқы сапалы ауыз суға жарымай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2018 жылы пайдалануға берілген су жүйесінде кемшілік көп. Қазынадан 800 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, құрылыс жүргенімен, 5 айдан бері тұрғындар тіршілік нәрін тату үшін ескі құдықтарды жағалап, көшеде арба сүйреп жүр. Мердігерлер «кепілдік мерзімі біткен жоқ, бір аптада ақауларды жөндеп, іске қосамыз», деп уәде береді. Әкімдік болса, «жауапты мекемені сотқа бергеннен басқа амал қалмады», дейді.
«Дәл қазір бізге проблема болып тұрған осы резервуар болып тұр. Ол проблеманы кеше де «Nur Otan» партиясы тарапынан комиссия келіп, сол жерде де уәде бердік, бір апта деп. Біздің есебіміз бойынша бір апта мөлшері жасауымыз керек, бітіруіміз керек. Қалай болғанда да, біздің кепілдік уақытымыз бар, 2021 жылға дейін», - дейді мердігер компания директоры Қанат Халелов.