«Медбикелер есінен танып құлап жатты»: экс-министр Ажар Ғиният 1999 жылы Бейнеудегі обаны қалай тоқтатқанын айтып берді

Автор: Бақыт Шынар

Ажар Ғиният 1,5 жасар қызын тастап, Маңғыстау облысына аттанған

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Жуырда Ресейдің Иркутск облысында оба індеті таралуы мүмкін деген ақпараттан кейін ТМД елдері бұл дерттің әр кездегі қасіретін еске түсіре бастады. Бұған қатысты Azattyq Rýhy редакциясы да ауқымды материал ұсынып, қауіпті аурудың Қазақстан аумағында таралған жылдарын тізіп шыққан едік.

Бүгін экс-Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та оба қауіпі туған 1999 жылды еске алып, Бейнеудегі үш адамды қалай құтқарғанын баяндапты.

«Қазір әлеуметтік желілерде оба (чума) сияқты аса қауіпті инфекциялар туралы жиі айтылып жүр. Бұл әңгімелер маған 1999 жылғы бір оқиғаны еске түсірді. Ол кезде облыста инфекционист дәрігер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейтінмін. Мені Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына оба індетін ауыздықтау үшін жіберді», - деп алады Ажар Ғиният.

Оның айтуынша, 1999 жылы Бейнеудегі үш адам, соның ішінде бір бала ауру түйенің етінен оба жұқтырған екен. Ажар Ғиният ажалдың аузынан тартып алған баланың атын да ұмытпаған екен.

«Бәрі шалғай ауылда жаздың аптап ыстығында ауырған түйені сойып, етін бөлшектеген отбасыдан басталды. Келесі түні отбасының үш мүшесі, оның ішінде кішкентай Жандос та қатты ауырып қалды. Баланы аудан орталығына жеткізгенде жағдайы өте ауыр еді, инфекциялық-токсикалық шок, қолтығының астына үлкен әрі қабынған бубон шығып кеткен», - деп еске алды Жандосты ол.

Ауру туралы ақпарат ала сала Маңғыстауға аттанған Ажар Ғинияттың жанында бір дәрігер және бірнеше медбике ғана болған екен. Басқа адамдарды жұқпалы індеттен аман алып қалу үшін олар бар күшін салған. Тіпті, үш адам жатқан ауруханаға бір саңылау қалдырмай, түгел қымтаған екен.

«Әріптесім, инфекционист Елена Цыган екеуміз дереу Ақтаудан жолға шықтық. Бұрынғы туберкулез ауруханасында обаға қарсы госпитальді нөлден аштық. Екі дәрігер мен 5-6 медбике ғана болдық. Сыртта +50 °C ыстық. Ал біз қалың костюм, резеңке етік және қабат-қабат қолғаппен жұмыс істедік. Инфекция таралмауы үшін ғимараттың барлық саңылауын жаптық. Іште ауа жоқтың қасы еді. Медбикелер ыстықтан есінен танып құлайтын, біз оларды сыртқа арқалап шығаратынбыз», - деп еске алды Ғиният.

Ажар Ғинияттың айтуынша, баланың жағдайы өте ауыр болған. Баланың өкпесі зақымданып, Ажар Ғиният оның қасынан екі аптай бойы бір елі кетпеген. Экс-министр сол кездегі хаттамаға сай емдесе, баланың аман қалуы екіталай болған көрінеді.

«Алматыдағы профессор емдеу жоспарын өзгертуді талап етті. Біздің заманымызда бұйрық талқыланбайтын, орындалатын... Олардың айтқаны бойынша емді ауыстырғанымызбен, баланың дене қызуы қайта көтеріліп, бубоны үлкейіп, қызарды. Содан кейін бар жауапкершілікті мойныма алып, өз схемам бойынша интенсивті емдеуді жалғастырдым. Кейін бұл тәжірибе Қазақстандағы обаға қарсы емдеу хаттамасына енді», - дейді ауыр кезді еске алған министр.

Ажар Ғиният осылайша үш адамның өмірін құтқарған. Үйіндегі 1,5 жасар қызын ұзақ уақыт көрмесе де, Бейнеудегі жағдай тұрақталмайынша, еліне орала алмаған. Бір ай дегенде Жандос есімді баланы әбден жазып шыққан соң, дәрігер командасымен үйіне оралған.

«Сол күндері бірге жұмыс істеген әріптестерімнің жанқиярлық еңбегін әлі күнге дейін ұмытпаймын. Мұндай жағдайда нәтиже – бір адамның емес, тұтас команданың еңбегі. Сол оқиғадан кейін бір нәрсеге анық көз жеткіздім, аса қауіпті инфекцияға қатысты кез келген күдік соңына дейін мұқият тексерілуі керек. Уақытылы әрекет ету – инфекцияның таралуына жол бермеудің маңызды бөлігі», - деп жазады экс-министр.