«Экологтар ауа өлшеп кетеді, ал мәселе қала береді»: Алматы облысындағы ауылда 300 малдың орнына, 3000 мал жайылып жүр

Елді мекенде өкпе аурулары, аллергия және қатерлі ісік бойынша есепте тұрған тұрғындар бар

«Экологтар ауа өлшеп кетеді, ал мәселе қала береді»: Алматы облысындағы ауылда 300 малдың орнына, 3000 мал жайылып жүр
Фото: ЖИ

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Аймен ауылының тұрғыны Фатима Копсаламова редакциямызға хабарласып, көмек сұрады. Оның айтуынша, соңғы үш жылда ауылдағы экологиялық жағдай мүшкіл халге жеткен. Тіпті, оның сөзіне сенсек, қатерлі ісікке шалдыққандар көбейіп кеткен, деп жазады Azattyq Rýhy. 

Жалпы, Аймен ауылында ет комбинаты және бірнеше мал шаруашылығы фермасы орналасқан. Ауыл тұрғыны Фатима Копсаламованың айтуынша, елді мекендегі мал санының көптігі мен өндіріс орындарының жұмысы қоршаған ортаға салмақ түсіріп отыр. Оның сөзінше, ауыл маңына малдың терісі мен жүні секілді қалдықтар ретсіз тасталады. Оны иттер ауыл ішіне тасып әкеліп, санитариялық жағдайды одан әрі нашарлатады.

Копсаламованың айтуынша, ауылдағы мал басы да белгіленген мөлшерден бірнеше есе асып кеткен. Бұл жағдай өндіріс орындарымен қатар, елді мекендегі ауа сапасына қатысты тұрғындардың алаңдаушылығын күшейткен.

«Үш жыл бұрын ауадағы аммиак мөлшері 82,5 болған. Қазір санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тексеруінен кейін ауа 25 пайызға тазарды деп айтып отыр. Бірақ біз күнделікті өмірде оның өзгерісін байқап отырған жоқпыз. Негізі біздің ауылда 300 бас мал ғана жайылуы керек, яғни, аумағы соған ғана жетеді. Бірақ бүгінде олардың саны он есе көбейіп, 3000 малға жетіп отыр. Оның үстіне ет комбинаты ауылдың ішінде орналасқан. Негізінде ауылдан кемінде 20 шақырым жерде орналасуы керек», – дейді Фатима Копсаламова.

Зейнеткер ауылдағы санитариялық жағдайдың да көңіл көншітпейтінін айтты. Оның сөзінше, малдың нәжісі ауыл көшелерінде жатады, ал оны тұрақты түрде тазалайтын жүйе жоқ.

«Жолдың бойында малдың нәжісі жатады. Аттап басып жүруге тура келеді. Оны ешкім тазаламайды. Ауылда мал көп болғандықтан, мұндай жағдай күн сайын қайталанады. Бірақ оны реттейтін нақты жүйе жоқ», – дейді ол.

Тұрғын ауыл маңындағы су айдынының жағдайына да алаңдайды. Оның айтуынша, бұрын көл болған аумақ тартылып, қазір батпаққа айналған. Зейнеткер су көзінің ластануы да ауыл тұрғындары үшін маңызды мәселе екенін атап өтті.

«Ауылдың маңындағы көл де тартылып, қазір батпаққа айналды. Су мәселесі де бар. Біз экология дегенде тек ауаның сапасын айтып отырған жоқпыз. Су да, топырақ та, ауылдың тазалығы да маңызды. Егер су көздері қараусыз қалса, оның бәрі қоршаған ортаға әсер етеді», – дейді Аймен тұрғыны.

Копсаламова ауылдағы экологиялық жағдай тұрғындардың денсаулығына әсер етіп жатқанын да айтты. Оның сөзінше, елді мекенде өкпе аурулары, аллергия және қатерлі ісік бойынша есепте тұрған тұрғындар бар. Зейнеткердің өзі де көзінің шырышты қабығы қызарып, жиі ашитынын жеткізді.

«Менің көзімнің шырышты қабығы қызарып, ашиды. Кейде көрмей қаламын. Ауылдағы жағдайды көріп отырып, денсаулығыңа алаңдамай тұра алмайсың. Ауа, су, малдың қалдықтары – бәрі бір жерде. Біз осы мәселелердің барлығын айтып, бірнеше рет тиісті орындарға жүгіндік», – дейді ол.

Тұрғынның айтуынша, ауылға экологтар келіп, ауа сапасын өлшегенімен, санитариялық жағдайдың басқа мәселелері шешілмей отыр.

«Экологтар келіп, ауа сапасын өлшеп кетеді. Бірақ одан кейін не болады? Бізге тек өлшеп кету емес, мәселені шешу керек. Әкімдікке де, басқа органдарға да жүгіндік. Кей жағдайда талап бұзғандарға айыппұл салынады. Бірақ айыппұл төлегеннен кейін жұмысын жалғастыра береді. Егер мәселе сол күйінде қала берсе, айыппұл салудан не өзгереді?», – дейді Фатима Копсаламова.

Зейнеткер ет комбинаты мен мал шаруашылығы нысандарын ауылдан қашық жерге көшіруді сұрайды. Бұл мәселеге байланысты бірнеше мемлекеттік органға жүгінгенін айтты. Оның сөзінше, әзірге тұрғындар күткендей нәтиже болмаған.

«Біз ешкімнің кәсібін тоқтатсын деп отырған жоқпыз. Адамдар мал ұстап, ет өндіріп, нәпақасын тауып отыр. Бірақ кәсіп пен халықтың денсаулығы қатар ескерілуі керек. Малдың қалдығы ауылға шашылып жатпауы керек, су ластанбауы керек, ауа таза болуы керек. Бізге ең керегі – осы», – дейді ауыл тұрғыны.

Осы тұрғынның арыз-шағымын тыңдаған соң біз бірден ауыл әкіміне хабарластық. Өйткені, халық бұл мәселені құзырлы органдарға бір емес, бірнеше рет айттық деп отыр. Бізге телефон арқылы сұхбат берген Аймен ауылының әкімі Дулат Қасымшалов полициямен бірге өзім де рейдке шығамын дегенге сендірді.

«Ауыл тұрғындары мал санын азайтуды талап етіп отыр. Бірақ заң нормалары болмағандықтан біз қазір айыппұл ғана салып жатырмыз. Қазір кейбір шаруалар малдарын сыртқа шығаруды қарастырып отыр. Өткен аптада СЭС мамандары келіп, ауаны тексеріп кетті. Бұл маселе қатаң бақылауда.  Бірінші рет ескерту беріледі. Екінші рет тағы талапты бұзғанға айыппұл саламыз. Үшінші рет қайталанса, айыппұл екі еселенеді. Әзірге үш рет талап бұзған адамдар тіркелмеді. Ауылдың учаскелік полиция қызметкерімен бірге бірнеше рет өзім де рейд жүргіздім. Арнайы комиссия да құрылып, оған тұрғындарды қостық. Алдағы таңда рейд жұмыстарын тағы өткзіду жоспарлап отырмыз», - деді әкім.