«Әділет» партиясы әр елді мекенге цифрлық паспорт енгізуді ұсынды

2030 жылға қарай тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізу міндеті қойылған 

«Әділет» партиясы әр елді мекенге цифрлық паспорт енгізуді ұсынды
Фото: скриншот

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында атқарылған жұмыстарды енді іс-шаралардың санымен емес, оның қалалар мен ауылдарда қандай өзгеріс әкелгенімен бағалау қажет. «Әділет» партиясының депутаты Айжан Скакова Ұлттық тазалық стандартын әзірлеу кезінде осыған мән беру керек екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы қысқа уақыт ішінде экологиялық акциядан ауқымды қоғамдық бастамаға айналды. Бүгінде ол қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндейтін жаңа көзқарасты қалыптастырды. Оның негізінде адамның өмір сүру сапасы мен қоршаған ортаның тазалығы жатыр. Шын мәнінде, «Таза Қазақстан» – қоғамның қауіпсіз әрі жайлы ортада өмір сүруге деген талабына берілген жауап. Әр адам өзі тұратын жердің таза болғанын, табиғаттың қорғалғанын қалайды. Сондықтан қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әр азаматтың міндеті. Бұл міндет Конституцияда жазылған», - дейді ол.

Депутаттың берген ресми дерегіне сәйкес, 2025 жылдың өзінде 1 294 экологиялық іс-шара өтіп, оған шамамен 7 миллион адам қатысты. 1 миллион гектардан астам аумақ тазартылып, 844 мың тоннадан астам қалдық жиналды. Сонымен қатар 3 миллионға жуық ағаш отырғызылды.

«Әділет» партиясы үшін экологиялық мәдениетті қоғамдық кеңістіктердің жағдайына жауапкершілікпен қарау қағидатымен ұштастыру маңызды. Осыған байланысты фракция вандализмнің алдын алу, келтірілген залалды өтеу және қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заң жобасын бастама ретінде ұсынды. Келтірілген залалды міндетті түрде қалпына келтіру қағидаты «Таза Қазақстанды» жүйелі түрде жүзеге асырудың бір бөлігі болуы керек. Жұмыс жалғасып жатыр. Бастама жүзеге асырыла бастағалы бері шамамен 10 мың стихиялық қоқыс орны жойылды, 7 миллионға жуық ағаш отырғызылды, 2 мыңнан астам волонтерлік жоба іске асырылды. TazaQazBot арқылы азаматтардан 57 мыңнан астам өтініш түсті», - деді ол.

Оның айтуынша, енді атқарылған жұмыстардың санын есептеумен шектелмей, олардың нәтижесін бағалауға көшу керек. Осыған байланысты «Әділет» партиясы Ұлттық тазалық стандартына нақты талаптар енгізуді ұсынады. Сонымен қатар әрбір елді мекенге цифрлық паспорт жасауды ұсынып отыр.

«Цифрлық паспортта Ұлттық тазалық стандартының негізгі көрсеткіштері қамтылуы керек. Мысалы, елді мекеннің тазалығы, заңсыз қоқыс орындарының бар-жоғы, қоқыс жәшіктері орналасқан алаңдар мен қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды қабылдайтын орындар, жасыл желектер мен қоғамдық орындардың жағдайы көрсетілуі тиіс. Сонымен бірге тұрғындардан түскен өтініштер, оларды шешуге жауапты органдар және атқарылған жұмыстардың нәтижесі осы жерден көрінуі керек. Осының арқасында қанша тазалық шарасы өткізілгенін ғана емес, соның нәтижесінде елді мекенде қандай өзгеріс болғанын бағалай аламыз. Бұл мәселе «Әділет» партиясы үшін бағдарламалық тұрғыдан да маңызды. Партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында экология, цифрландыру және қалалардың өмір сүруге қолайлы ортасын қалыптастыру жеке бағыттар ретінде белгіленген», - деді ол.

Оның айтуынша, 2030 жылға қарай тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізу, орман алқаптарын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайту, ал 2035 жылға қарай экономиканың энергия сыйымдылығын 15 пайызға төмендету міндеттері қойылған.

«Біз үшін бұл міндеттердің орындалуын ел бойынша жалпы статистикамен ғана емес, әр қала мен ауданның деңгейінде көру маңызды. Қай өңірде қандай нәтиже бар, қандай мәселе шешілмей тұр, осының бәрі нақты көрінуі керек. Бұл үшін қажетті цифрлық мүмкіндіктер қазірдің өзінде бар. TazaQazBot жұмыс істеп тұр, заңсыз қоқыс орындарын анықтау үшін ғарыштық мониторинг жүргізіледі, қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі қалыптасып келеді. Бұған қоса, басқа да мемлекеттік ақпараттық жүйелер бар», - деді ол.

Депутат әр елді мекенге цифрлық паспорт жасап, онда аумақтың тазалығы, анықталған мәселелер, жауапты органдар және оларды шешу нәтижелері көрсетілуі керек деп санайды. Бұл жүйені TazaQazBot, ғарыштық мониторинг және Ұлттық деректер банкімен байланыстыру ұсынылып отыр.