Бүгін, 10:39
Қоғам

«Әділет» партиясының белсенділері ардагерлер мен жалғызбасты қарттарға көмек көрсетіп жатыр

Қазақстан бойынша «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы өтіп жатыр

«Әділет» партиясының белсенділері ардагерлер мен жалғызбасты қарттарға көмек көрсетіп жатыр
Фото: партияның баспасөз қызметі

Қарттар күніне орай «Әділет» партиясы Қазақстанның барлық өңірінде «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын өткізіп жатыр. Акция аясында волонтерлер мен белсенділер ардагерлер мен жалғызбасты зейнеткерлердің үйіне барып, шаруасына қолғабыс көрсетіп жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Партия хабарлап отырғандай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік саясаты өз бағытын сақтап келе жатқанын айтқан еді. Бұл қағидаттарды «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасынан да көруге болады. Партия жалғызбасты зейнеткерлер мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға үйде әлеуметтік қызметкер көмегінен бастап, қашықтан медициналық кеңес беруге дейінгі қолдау көрсететін жүйе құруды ұсынады.

Бұл міндеттер «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында партия белсенділері мен волонтерлерінің нақты істерінен көрініс тауып жатыр.

Ақтөбе облысында жастар еңбек ардагерлерінің шаңырағына барып, олармен жүздесті. Волонтерлер ұзақ жылдар бойы қазақ тілі пәнінен сабақ берген, бүгінде «Әжелер кеңесін» басқарып отырған Сәнімкүл Балмағанбетованы және білім саласының ардагері Нұржамал Жайлыбаеваны арнайы барып көрді. Кездесу барысында зейнеткерлер жастарға өмір жолы туралы әңгімелеп, көрген-білгенін айтты.

Бұдан басқа Атырау облысында волонтерлер жалғызбасты зейнеткер Меруерт Әділбаеваның үйіне барды. Олар ауладағы қураған бұтақтарды жинап, үй ішін ретке келтіруге көмектесті. Жастар зейнеткерге мереке қарсаңында ғана емес, тұрақты түрде барып тұруға тырысады.

Жамбыл облысында белсенділер 92 жастағы тыл еңбеккері Валентина Буроваға үй шаруасына көмектесті. Ол соғыс жылдарында мектебін тастап, үшінші сыныптан кейін еңбекке араласуға мәжбүр болған.

«Қиындық көп болды, екі қызымды жалғыз өсірдім. Балалардың келіп, көмектесіп жүргеніне рақмет. Ең бастысы – жастардың бізді ұмытпағаны», - деді зейнеткер.

Соңғы екі айда Жамбыл облысының волонтерлері 30-ға жуық ардагерге көмек көрсеткен. Қарағандыда партия белсенділері қарттарға азық-түлік жеткізіп, олармен әңгімелесті. Осылайша қарттарға көңіл бөліп, қолдау көрсетуге тырысты. Қызылордада волонтерлер жалғызбасты зейнеткер Гүлжамал Жомартованың үйі мен ауласын тазалауға атсалысты.

«Қарттарға уақыт тауып жүргендеріңе рақмет. Оқып, білім алыңдар, өз жолдарыңды табыңдар. Алдарыңнан өздерің сияқты мейірімді жандар кездессін», - деді қарттарға алғысын айтқан ол.

Ұлытау облысында белсенділер Жезқазған қаласының тұрғыны, ардагер Надежда Тарасенкоға ауласындағы өнімді жинап, айналаны ретке келтіруге жәрдемдесті. Өңірде осындай 20-дан астам көмек көрсету шарасы өткен.

Шымкентте студенттер жалғызбасты зейнеткерлердің үйлеріне жиі барып тұрады. Олар аула жұмыстарын атқарып, үй жинауға көмектеседі және қарт адамдармен әңгімелесіп, уақытын бірге өткізеді. Шымкент тұрғыны Фаина Ворожбитова волонтерлерге алғысын білдірді.

«Үй шаруасын өзім де атқарғым келеді. Бірақ денсаулығым оған мүмкіндік бермейді. Жастардың көмекке келгеніне қуаныштымын», - деді ол.

«Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аға буынға деген құрметтің сөзден іске ұласқанда ғана мәні артатынын көрсетті.